Самокаттардың балалар денсаулығына әсері туралы шындық пен мифтер
Әлеуметтік желілерде самокат баланың денсаулығына зиян тигізуі мүмкін деген хабарламалар жиі кездеседі. Мұндай посттар мен видеолардың авторлары самокатпен жүру сколиоз, артроз тудырады және омыртқаның тозуына әкеледі дейді. StopFake.kz осы тақырып бойынша сарапшылардың пікірлерін жинады.
Көбінесе ата-аналарды самокатпен жүру жамбас сүйектерінің қисаюына, кейіннен сколиозға әкелуі мүмкін деп қорқытады. Себебі, баланың бір аяғы бүгіледі, ал екіншісі – итеріледі. Нәтижесінде омыртқа екі жерде бүгіледі. Жоғары санаттағы травматолог-ортопед, медицина ғылымдарының кандидаты Болатбек Досанов балалардың ойын көлігі мұндай бұзушылықтарға себеп бола алмайтынына сенімді.
«Бұл толықтай миф. Ешқандай самокат жамбас сүйектерінің қисаюына әкелмейді. Мұндай қорытынды жасау үшін дәлелденген фактілер мен растайтын зерттеулер қажет, оның барысында, мысалы, 50 бала самокат, 50-і велосипед тепсе, 50-і ешқандай көлік құралын пайдаланбауы керек. Ұзақ бақылағаннан кейін салыстыру арқылы қорытынды шығарылуы тиіс. Бірақ мұндай зерттеулер жоқ. Мен жылына әртүрлі өңірлерден келген 3 мыңға жуық әр түрлі жастағы балаларды қабылдаймын. Пациенттердің көбінде жамбас сүйектерінің осьтік деформациясы (жамбас сүйектерінің қисаюы) бар деп айта аламын, бірақ бұл самокаттың әсерінен емес. Бұл бір жастан бастап аяқты дұрыс баспаудан шығады. Жамбас сүйектерінің осьтік деформациясы – бұл кішкентай кезінен аяқты дұрыс қоймаудың салдары, ал самокат, керісінше, физикалық белсенділікті күшейтеді, ептілікті дамытады және үйлестіруді жақсартады.
Сколиозға келетін болсақ, бұл өте ауыр ауру. Бұл фронтальды жазықтықтағы омыртқалы бағанның патологиялық қисықтығы. Әдетте, ол 6-10 жасқа дейін болмайды. Көбінесе балаларда мүсіннің бұзылуы байқалады», – деп түсіндіреді Болатбек Досанов.
«Самокат тебу – бұл денеге физикалық әсер етудің бір түрі, ол жамбас сүйектерінің қисаюына әуелден әсер ете алмайды және т.б.. Бұл үшін бала тәулік бойы осы қалыпта болуы тиіс», – дейді медицина ғылымдарының кандидаты Еркебай Бектаев
Самокаттың зияны туралы жазған кейбір посттардың авторлары, оны тепкен кезде сол және оң аяққа түсетін әртүрлі жүктемелерге байланысты бірақ уақыт өткен соң адамның бір аяғы қысқаруы мүмкін дейді. Ортопедтер бұл мәлімдемені де жоққа шығарады.
«Адам аяғы, жарақат алған жағдайларды қоспағанда, бірдей өседі. Жарақаттар сүйек тінінің өсу аймақтарында болуы мүмкін. Содан кейін бұл сүйек ұзындығының өсуінің баяулауына әкелуі мүмкін. Самокат тебу салдарынан аяқ қысқармайды. Бірақ дұрыс жүктеме түсіру өте маңызды», – дейді травматолог-ортопед Григорий Лисогор .
Самокаттар туралы қорқынышты әңгімелердің бірі – самокат тебуден болуы мүмкін артроз.
«Артроз ересектерде жиі кездеседі. Балаларда артрит, көбінесе ревматоидты артрит дамуы мүмкін. Бұған жарақаттар мен қабыну процестері себеп болады. Самокат тебу артрит тудырмайды», – деп түсіндіреді Болатбек Досанов.
Самокат тебуге қарсы адамдардың тағы бір пікірі – «самокат тебу омыртқаның тозуына әкеледі». Шын мәнінде, олай емес.
«Омыртқаның тозуына ауыр физикалық еңбек, тұрақты тік жүктемелер ықпал етеді. Бұл балаларда болмайды. Балалардың сүйектері, шеміршек қосылыстары, буындары өте икемді және ылғалға толы. Самокат тебу омыртқаға зиян тигізбейді. Сондай-ақ оның тозуына ықпал етпейді», – деп түсіндіреді Болатбек Досанов.
Мамандардың айтуынша, самокат қауіпсіздік ережелерін сақтамаған жағдайда ғана зиян келтіріп, жарақатқа әкелуі мүмкін. Ата-аналар баланың қолайлы жерде және қауіпсіз жылдамдықта жүруін қамтамасыз етуі керек. Самокатты жасына сәйкес және қорғаныс құралдарымен бірге таңдау қажет. Егер қарапайым ережелерді сақтайтын болсаңыз, самокат тебудің пайдасы зор.
«Самокат тренажер сияқты, оның көмегімен қозғалыс тапшылығы өтеледі. Бала даму үшін жас ерекшелігіне сай қозғалуы керек. Жас бойынша қозғалыс белсенділігінің нормасы бар. Қазір балалардың жартысы әртүрлі себептер мен жағдайларға байланысты қозғалыс тапшылығын сезінуде. Самокат – бұл тапшылықтың орнын толтырудың жақсы құралы», – дейді медицина ғылымдарының докторы, Қоғамдық денсаулық және биомедицина мектебінің профессоры Владимир Приз.