Fake News

Фейк: «Антиденелер инфекциямен күресуге қабілетті емес»

Әлеуметтік желілерде антиденелер вакцинацияның жанама өнімі екендігі туралы бейнеролик таратылуда. Авторлардың сөзінше, антиденелер өздігінен инфекциямен күресе алмайды және иммунитеттің көрсеткіші емес. StopFake.kz видеодағы осы және басқа тезистерді медицина ғылымдарының докторы Вилен Молотов-Лучанскиймен талдады.


– Вилен Борисович, роликте «антиденелердің болуы – бұл инфекцияның белгісі және вакциналар адамды иммундаудың орнына оған ауру жұқтырады» делінген. Антиденелердің болуы ненің белгісі?
– Антиденелер инфекцияның барының белгісі ғана емес. Ағзада гуморальды иммунитет (антиденелер қалыптастыратын) қалыптаса бастайды. М класындағы иммуноглобулиндер – бұл бірінші қорғаныс сызығы деп айтуға болады. Бұл ағымдағы иммунитетті және ағзаның вируспен күресінің өткір кезеңінің болуын көрсетеді. G класындағы иммуноглобулиндер – бұл есте сақтау иммуноглобулиндері. Яғни, бұл екінші қатарда тұратын антиденелер, олар қорғаныс барын және вирусқа қарсы күрес сәтті жүріп жатқанын жеткізеді. Гуморальды иммунитет өте күшті, тиімді және аса маңызды.
– Видеода жасушалық иммунитет туралы да айтылады. Оның гуморальды иммунитеттен айырмашылығы неде?
– Жасушалық иммунитет иммунокомпетентті жасушалармен, антиденелермен өзара әрекеттесетін бүкіл кешеннің жасушалық қорғанысымен ұсынылған. Бұл В және Т лимфоциттері – иммундық жүйенің негізгі жасушалары. Иммунитетке қатысатын басқа да қорғаныс жасушалары бар, мысалы, бірқатар ақ қан жасушаларының нейтрофилдері, макрофагтар. Иммунитет өте интегралды түрде құрылған – бір қорғаныс сызығы бірінші орынға шыққан кезде, екіншісі дайындалады.
– Видеодағы тағы бір тезис: «Вакциналар гуморальды түйінді ынталандырып, антиденелердің қалыптасуына септігін тигізгенде, жасушалар түйіні басылады». Солай ма?
– Антиденелік иммунитет – қорғаныстың бірінші шебі, ол вакцина енгізгенде күшейеді және белсендіріледі. Жасушалық қорғаныс желісі бірден күресе бастамайды. Ол «қарсыласын зерттеп», барлық құрамдас бөліктер туралы толық ақпарат алады, тек содан кейін ғана иммунитеттің белгілі бір бөліктерін қалыптастырып, оны іске қосады. Антиденелер жасушалық иммунитетке осындай мүмкіндік береді.
Бастапқы кезеңде антиденелердің қалыптасуы өте белсенді болған кезде, олар жасушалық иммунитетке әсер етеді. Бірақ бұл оқиғалардың табиғи ағымында да болады. Мысалы, қызылша вирусының штаммын алайық, оны «табиғи» немесе «жабайы» деп атайық. Ол жасушалық иммунитетке де солай әсер етеді. Ең басында ынталандыруы да, оны басуы да мүмкін. Вакциналық, яғни әлсіреген вирус вакцинациядан кейін бірнеше апта бойы иммунитетті басатындай әсер етеді. Бірақ бұл әсер іс жүзінде зиянсыз, өйткені осы сәтте антиденелер белсенді жұмыс істейді. Одан әрі жасушалық иммунитетті ынталандыру прогрессивті қарқынмен жүреді.
– Ролик авторларының айтуынша, қызылшаға қарсы вакцинация басталған кезде бұл аурумен күресу үшін антиденелер қажет емес екендігі белгілі болды. Қызылшаға қарсы вакцина қалай жұмыс істейді?
– Шын мәнінде, олай емес. Қызылшаға қарсы вакцинациядан кейін пайда болатын антиденелік иммунитет екінші аптада-ақ күшті болады. Ол аурудың дамуы мен ауыр ағымынан сенімді қорғайды. Қызылшаға қарсы вакцина арнайы әдіспен дайындалған, аттенуирленген. Бұл тірі вирус, бірақ күрт әлсіретілген және аурудың өзін тудырмайды. Бұл вакцина вирусқа қарсы белсенді иммунитет қалыптастырады және бұл жерде антиденелер жұмыс істейді. Сондай-ақ елеулі жасушалық иммунитет қалыптасады. Иммунизациядан кейін және М класындағы транзиторлы кореспецификалық иммуноглобулин класының антиденелері пайда болғаннан кейін вирусқа тән CD4 және CD8 Т-лимфоциттер индукцияланады. Бұл иммунокомпетентті жасушалар және ұзақ мерзімді жад беретін жасушалық иммунитет. Сонымен қатар, иммундаудан кейін алынған антиденелік иммунитет 16 жыл бойы сақталады. Иммунокомпетентті жасушалар мен жасушалық иммунитеттің арқасында ұдайы антиденелер синтезі болады.
– Хабарламада вакцинация салдарынан неврологиялық, асқазан-ішек аурулары, созылмалы және аутоиммундық аурулар мен қатерлі ісік болуы мүмкін делінген. Бұл рас па?
– Бұл тұжырым жалаға жақын, заңсыз іс-әрекет жасады деп кінә таққандай. Иә, вакцинация аутоиммундық аурудың дамуын немесе өршуіне септігін тигізетін жай жатқан гендерді оятуы мүмкін екендігі туралы мәлімдемелерді, соның ішінде белгілі медицина қызметкерлерінің жазбаларын оқыдым. Бірақ сондай тікелей байланыстарды көріп тұрғанымыз жоқ. Вакцинациядан кейін болатын айтарлықтай ауыр асқынулар да жоқ. Егер адамда бұрын аллергиялық реакциялар болса, аллергиялық белгілер байқалуы мүмкін. Сондықтан вакцинацияға келген әр адаммен сөйлесіп, оның анамнезін зерттеу керек. Медициналық қарсы белгілер мен иммундауға қарсы көрсеткіштер болады. Қатерлі ісік пен созылмалы ауруларға келетін болсақ, вакцинацияның бұған дейінгі тарихы иммундау мен жасанды иммунитеттің қандай да болмасын ауыр асқынулардың дамуымен тікелей байланысын көрсетпейді. Белгілі бір аурудың даму кезеңі сәйкес келуі мүмкін. Бірақ ауру вакцинацияға байланысты болды деу үшін бір-екі жағдай емес, ғылыми дәлелдер мен статикалық мәліметтер қажет. Ал ондай жоқ.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button