Би мектебіндегі әзіл сақтық шарасы ретінде қабылданды
Қазақстандық интернетте медициналық маска тағып бір-біріне теріс қарап, билеп жүрген жасөспірімдердің видеосы тарады. Пайдаланушылардың пікірінше, бұл кадрлар мектеп бітіру кешінде түсірілген, ал ғажайып би – СOVID-19-дан қорғану шарасы. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды.
Белгілі болғандай, видео Чехияда Млада-Болеслав қаласындағы би мектептерінің бірінде түсірілген. Ол тез тарап, карантиндік шараларға қатысты қызу пікірталас пен сыни пікірлер тудырды. Пайдаланушылар видеоны көріп, үрейленіп, оны «антиутопия» және «санаға келтіру жолы» деп атады.
Бұл кадрлар әсіресе, Twitter-де көп тарады, видеомен үш миллионнан астам адам бөліскен. Осыдан кейін бейнеролик түсірген би мектебінің шәкірті, 18 жастағы Лукаш Пельц әлеуметтік желіде осыған қатысты өзінің пікірін білдірген. Ол бұл әзіл би болғанын айтқан.
– Сабақтың қалған бөлігін біз әдеттегідей биледік. Бұлай алаңдаудың қажеті жоқ, – деп жазды ол.
Кейін Insider.com жаңалықтар порталының өкілдері жас жігітпен байланысқа шығады. Оқушы осы жылдың 3 қазанында вирустық ролик түсірілген кезде сабақта залда болғанын растады. Сол күні мектеп мұғалімі санитарлық шаралар туралы әзілдеп, оқушылар бір-біріне теріс қарап, билеген. Бірақ бұл әзіл би бірнеше минутқа ғана созылған.
Сонымен қатар, Insider биді COVID-19 қарсы қауіпсіздік шараларына қатысты «күлкілі асырып көрсету» деген мектеп өкілінің де сөздерін келтірді. Оның айтуынша, бұл жай ойын болған.
Мектептің Facebook-тегі ресми парақшасында осы жылдың 14 қазанында түсірілген фотосуреттер альбомы бар. Кадрларда оқушылардың бір-біріне қарама-қарсы тұрып әдеттегідей билеп жүргендерін көруге болады. Бұл ретте барлық бишілер маска таққан. Айта кетейік, бұл фотосуреттер жаңа карантиндік шектеулерге байланысты сабақ кестесі өзгереді және келесі сабақтардың өтетін күндерін мектептің өзінде нақтылау керек деген хабарламадан кейін жарияланған.
Демек, бұл би түлектердің мектеп бітіру кешінде түсірілмеген және карантин талаптарын сақтау қажеттілігінен туындамаған.