Фейк: «Әлемдік үкімет жеті миллиардқа жуық адамды өлтіреді»
Танымал қазақстандық Telegram-чатта әлемдік үкімет планетамыздың ресурстары бір миллиардадамға ғана жететіндіктен, жеті миллиардқа жуығын жоюды жоспарлап отырғаны туралы бейнеролик тарады. Бұл өтірік. Неге екенін түсіндірейік.
Біріншіден, әлемді жасырын басқаратын ең бай адамдар альянсы болып табылатын Комитет-300 – қастандық теориясы. Мұндай ұйымның бар екендігіне ешқандай дәлел жоқ.
Екіншіден, видеода сөз сөйлеп тұрған адам қолданған «алтын миллиард» термині Жер бетінде өмір сүру үшін жеткілікті ресурстар бар адамдардың санын білдірмейді. Ол экономист Анатолий Вишневскийдің халықтың көші-қоны туралы жарияланымынан кейін қолданыла бастады, оның пікірінше, табысты және ауқатты адамдарға қатысты болды, ал олар негізінен батыс елдерінің тұрғындары.
Үшіншіден, Жерде тұратын адамдар үшін оның ресурстарын үлестіру мен жеткіліктілігі туралы зерттеулер жүргізген ғалымдардың басым бөлігі планета әлдеқайда көп адамды «тамақтандыра» алады деп санайды. Мысалы, Австралия ғылым академиясының ресми сайтында жазылғандай, көптеген беделді ғылыми зерттеулер Жер бетінде шамамен сегіз миллиард адам жайлы өмір сүре алатындығын дәлелдейді. Алты зерттеуде екі миллиардқа дейінгі көрсеткіш көрсетілген. Зерттеушілердің басқа жеті тобы планетамызда 64 миллиард адамға жетерлік ресурс бар деп санайды, ал ғалымдардың бір тобы Жер бетінде 1,021 миллиард адам тұра алады дейді.
Төртіншіден, видеода ұсынылған ақпарат қазіргі шындыққа қайшы келеді. Спикер «Комитет-300» 1970-2070 жылдары әлем халқының санын қысқартуды жоспарлағанын айтады. Яғни, жоғарыда айтылған теорияға сенсек, бұл идея 50 жылдан астам уақыт бойы жүзеге асырылып келеді. Алайда, шын мәнінде, Жер халқы осы жылдар ішінде азайып қана қоймай, екі есе өсті. 1970 жылы планетамызда 3,706,618,163 адам өмір сүрген. 2021 жылы Жер халқы 7,9 миллиард адамды құрады.
Демек, Telegram-да тараған ролик өтірік болып табылады және шынайылықтан өзгеше мүлдем дәлелденбеген конспирологиялық тезистер мен ақпараттан тұрады.