Дәлелсіз: «Вакцинация әсерінен Алматы тұрғынының денесі құрысқан»
Instagram әлеуметтік желісінде аурухана төсегінде жатқан қыздың видеосы тарады. Кадр сыртында сөйлеп тұрған адам, «Спутник-V» препаратымен егілгеннен кейін құрысу басталғанын айтады. Бұл дәлелденбеген.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді. Мамандардың айтуынша, қыздың екпе салдырғанына біраз болған, бірақ ол вакцинаны толық алмаған.
– Ол вакцинаның бірінші дозасын сәуір айының соңында алды. Екінші компонентін алмаған. Жедел жәрдем вакцинациядан кейін бір ай өткен соң шақырылды, – деп хабарлады ведомстводан.
Дегенмен, бұл іспен мамандар айналысып жатыр.
– Конвульсиялық синдромы бар науқастың №7 ҚКА қабылдау бөліміне жүгіну фактісі бойынша, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы бұл жағдайды зерттеп жатқанын хабарлаймыз, вакцинациямен байланысын анықтау үшін жұмыс тобы құрылды, – деп хабарлады Алматы қаласының қоғамдық денсаулық басқармасынан.
Қыздың бойындағы синдромның нақты себептері кейінірек белгілі болады. Қазіргі кезде дәрігерлер құрысулар вакцинация нәтижесінде басталды деп айтуға негіз жоқ дейді.
Баршаңызды тек ресми ақпаратқа ғана сенуге шақырамыз! Жаңалықтың шынайылығын біздің порталдың көмегімен тексеруге болады. Өзіңізді қызықтыратын ақпаратты t.me/stopfake_kz Telegram-арнасына немесе +7 707 739 5599 WhatsApp нөміріне жіберіңіз.