Бұрынғы фейк: Қазақстанда науқас бала туралы спам-хабарлама таралуда
What ‘ sApp мессенджерінде науқас балаға көмектесуге шақыратын хабарлама таратылуда. Автордың айтуынша, емделуге мұқтаж қыздың суретін таратқаны үшін компания баланы Қытайда емдеуге ақы төлейді екен. Бұл фейк.
Бұл хабарламада жалған ақпараттың барлық белгілері бар – автор қыздың аты-жөнін де, ол тұратын қаланы да атамайды. Сондай-ақ, емдеуді қажет ететін оның диагнозын, баланы қабылдауға дайын клиниканың атауын да айтпайды. Бұл ақпарат, әдетте, ауыр науқас балаларды емдеу үшін қайырымдылық жинауға қатысатын ресми қайырымдылық қорларымен көрсетіледі.
Ақша жинау тәсілі де күмән тудырады. Хабарлама авторының айтуынша, хабарлама жеткілікті мөлшерде таратылса, қыздың ата-анасына емделуге қажетті 200 мың еуроны What’sApp әкімшілігі береді. Мессенджердің ресми сайтында мұндай схемалар туралы ештеңе айтылмаған. Сонымен қатар, өткен жылы мессенджерде хабарлама таратуға шектеу қойылған болатын. Көп мәрте жіберілген хабарламалар арнайы белгішелермен белгіленеді. Сондай-ақ, хабарламаны бір уақытта бес қолданушыға ғана жіберуге болатыны хабарланды. Мессенджер әкімшілігі осылайша спаммен және жалған ақпаратпен күреспек. Осыған байланысты компания спам-ақпаратты таратқаны үшін ақша төлейді деген болжам қисынсыз болып көрінеді.
Таратылып жатқан қыздың фотосуреті бойынша іздеу оның 2019 және 2020 жылдары Қазақстан мен Ресейде қандай да бір жазбаларсыз және түсіндірмелерсіз жаппай жарияланғанын көрсетті.
Сондай-ақ бұл фото Facebook-те Риддердің Lider.kz еріктілер қозғалысы парақшасында спам ретінде белгіленген. Белсенділер суретті одан әрі таратпауды сұрайды.
Мәтіні ұқсас хабарламалар 2017 және 2018 жылдары Желінің ағылшын тілді сегментінде тараған. Ол кезде фактчекерлер мұндай хабарламаларды жоққа шығарып, қайырымдылық жинаудың бұл әдісі мүмкін емес және ойға қонымсыз деп атады.
Баршаңызды сақ болуға және өздерін қайырымдылық ұйымдарының өкілдері ретінде таныстыратын алаяқтарға сенбеуге шақырамыз. Ресми қорлардың атынан жұмыс істейтін волонтерлер көшеде және қоғамдық көлікте жүріп, ақша жинамайтынын, қайырымдылықты жеке банк карталарына қабылдамайтынын ұмытпаңыздар. Барлық ресми қайырымдылық ұйымдарының, әдетте, өз сайттары немесе, кем дегенде, қор қызметі туралы толық ақпарат пен байланыстар көрсетілетін әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары болады.