
Конкурсқа қатысып жатқан балаларға дауыс беруді сұрау – танымал алаяқтық схема. Шын мәнінде, конкурста жоқ, оған қатысып жатқан балада жоқ. Бүгінгі материалда оның қалай жұмыс істейтіні және мұндайға алданып қалмас үшін не істеу керектігі туралы айтамыз.
Схема қалай жұмыс істейді?
WhatsApp немесе Telegram арқылы таныс адамнан мынадай мәтінмен хабарлама келеді: «Сәлем! Өтінемін, Настяға дауыс берші, бұл менің жиенім. Ол конкурсқа қатысып жатыр, жеңіске жетуге аз ғана жетпей тұр». Хабарламаға дауыс беретін сайтқа апаратын сілтеме тіркеледі. Бұл күмәнсіз болып көрінуі мүмкін – балалардың фотосуреттері мен дауыс есептегіштер болады. «Дауыс беру» үшін телефон нөміріңізді және оған жіберілген SMS-тегі кодты енгізуіңіз керек. Осы іс-әрекеттерді орындаған соң адамдардың WhatsApp немесе Telegram мессенджеріндегі аккаунтын алаяқтар басқарады. Олар сіздің атыңыздан фишингтік сілтемелер жібереді немесе қиындыққа тап болғаныңызды айтып, достарыңыз бен жақындарыңыздан қарызға ақша сұрайды.
Маған хабарлама жіберген танысым алаяқ па?
Жоқ. Қылмыскерлер танысыңыздың аккаунтын бұзып, оның атынан хабарламалар жібереді. Егер оған сеніп қалып, сілтеме арқылы өтсеңіз, олар сіздің аккаунтыңызға кіре алады. Осыдан кейін осындай хабарламалар сіздің жақындарыңызға да жіберілуі мүмкін.
Мен сілтемеге кірдім, бірақ ешқандай кодты енгізген жоқпын – бұл алаяқтар емес пе?
Кейде мессенджерге кіру үшін код қажет болмайды. Мысалы, желіде «дауыс берушілерге» Telegram мессенджері арқылы «верификациядан өту» ұсынылған жағдайлар сипатталған. Ол үшін пайдаланушылардан телефон нөмірін енгізіп, QR кодты оқу сұралды. Осыдан кейін аккаунтты алаяқтар иемденген.
Мен сілтеме арқылы өтіп, нөмірімді қалдырдым, бірақ мессенджерімді пайдаланым жүрмін. Бәрі жақсы ма?
Сіздің атыңыздан хабарламалар жіберу үшін алаяқтар аккаунтқа кіруіңізге тосқауыл қоймауы мүмкін. Кейде оларға басқа құрылғы арқылы аккаунтыңызға кіру жеткілікті. WhatsApp және Telegram сияқты көптеген мессенджерлер бір уақытта бірнеше құрылғыда жұмыс істей береді. Мысалы, сіздің смартфоныңызда және алаяқтардың ноутбугында.
Мен сілтеме арқылы өтіп, телефон нөмірін енгіздім – не істеу керек?
Егер алаяқтар мессенджеріңізге кірді деп күдіктенсеңіз, «Баптаулар» бөліміне өтіп, «Құрылғыны байланыстыру» тармағын таңдап, «барлық құрылғылардан шығу» түймесін басыңыз. Осылайша мессенджердің тек сіздің құрылғыда ғана жұмыс істеп тұрғанына көз жеткізесіз.
Екі факторлы аутентификация орнатсаңыз, бұл да аккаунтты қорғауға көмектеседі. Оны аккаунтыңыздың «Баптаулар» бөлімінде жасауға болады.
Менің атымнан хабарламалар жіберілген сияқты – не істеу керек?
Туыстарыңыз бен жақындарыңызға аккауынтыңызды бұзғанын ескертіңіз. Оларға сізге қарызға ақша қажет емес екенін және сіз жіберген сілтемелер бойынша өтуге болмайтынын айтыңыз.
Дауыс берудің өтірік емес екенін қалай түсінуге болады?
Егер сізден конкурсқа қатысып жатқан адам үшін дауыс беруді сұраса және бұған күмән келтірсеңіз, хабарлама авторына қоңырау шалыңыз немесе оған басқа мессенджерден жазыңыз. Оған конкурста қолдау қажет пе, әлде оның атынан алаяқтар жазып отыр ма, нақтылаңыз.
Таныстарым менің өтінішім бойынша алаяқтарға ақша аударып қойыпты. Банк аударымды қайтарып бере ала ма?
Жоқ. Аударым өз еркімен жасалса, онда банк оны қайтарып бере алмайды. «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» ҚР заңымен алушының келісімінсіз ақша аударымдарын қайтаруға тыйым салынған.
Егер алаяқтарға ақша аударған болсаңыз, онда көмек алу үшін құқық қорғау органдарына хабарласыңыз.
Алаяқтар өздерінің ықтимал құрбандарына қарағанда әлдеқайда ақылды және қауіпсіздікті сақтау қиын сияқты болып көрінеді. Іс жүзінде олай емес. Киберқылмыскерлердің қармағына түсіп қалмас үшін, танысьарыңыз жіберсе де, күмәнді сілтемелер арқылы өтпеңіз. Егер сізден қарызға ақша сұраса, онда міндетті түрде өтініш берушіге қоңырау шалып, бұл алаяқ емес, оның өзі екеніне көз жеткізіңіз. Осы қарапайым ережелерді сақтай отырып, сіз өзіңізді, ақшаңызды және жеке деректеріңізді қорғай аласыз.
«Kaspi.kz алаяқтарға қарсы» науқаны аясында балалар конкурстарымен және басқа да дауыс беру жағдайларымен байланысты схема туралы жаңа ролик шықты. Алаяқтардың қалай әрекет ететінін көріңіз.
Естеріңізге сала кетейік Kaspi.kz Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігінің қолдауымен адамдар алданып қалмауы үшін ең көп таралған алаяқтық схемалары туралы бірқатар бейнеролик түсірді. Жаңа видеолар екі апта сайын Kaspi.kz-тің ресми YouTube арнасында шығады.