Жаңалықтар

Фейк: «Елімізде аштық болады, адамдар бір бөлке нан үшін вакцина салдыруға мәжбүр болады»

Телеграм-арналардың бірінде Қазақстанда «ауыл шаруашылығы жоқ», сондықтан адамдар «аштыққа ұшырап, бір бөлке нан үшін екпе жасатуға мәжбүр болады» деген жалған хабарлама жарияланды. Бұған негіз жоқ.


Қазақстанда ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемі ішкі нарықтың қажеттілігін және экспортқа жөнелтуді өтеу үшін жеткілікті. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінен хабарлады.

«Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2020 жылы өңдеуден кейінгі салмағы 20 063 мың тонна астық, оның ішінде 14 256 мың тонна бидай жиналды. Айта кетейік, астық өндіру көлемі 2 635 мың тоннаға немесе 2019 жылдың деңгейінен 15%-ға артық (бидай 2 804 мың тоннаға немесе 24,5% – ға) болды. Қазіргі кезде 2021 жылғы егін жинау жұмыстарының қорытындылары туралы айту әлі ерте, өйткені республикамызда жаппай егіс науқаны енді ғана басталды. Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын 22,8 млн га алаңға егу жоспарланған, бұл 2020 жылға қарағанда 186,6 мың га немесе 0,8%-ға артық, оның ішінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 15,8 млн га, майлы дақылдардың болжамды алаңы 3 млн га құрайтын болады, бұл өткен жылғы деңгейден 63,0 мың га артық. Көкөніс-бақша дақылдарының алаңы өткен жылдан 16,0 мың га артық және 280 мың га құрайды», – делінген StopFake.kz порталының сауалына берілген жауапта.

Сондай-ақ, министрлік егіс науқаны оңтайлы мерзімде жүргізіліп жатқанын атап өтті. Бүгінгі күні ауыл шаруашылығы дақылдарын егу Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Павлодар және Түркістан облыстарында жүргізілуде. Басқа өңірлерде егіс науқаны мамыр айының ортасында басталады.
Демек, аштық болады деуге еш негіз жоқ.
Вакцинацияға мәжбүрлеу туралы мәлімдемелер де негізсіз. Мұндай іс-әрекеттер «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 77-бабына қайшы келеді, онда Қазақстанның әрбір азаматтың «емделуге және басқа да медициналық араласуларды, оның ішінде профилактикалық егулерді жүргізуге хабардар етілген келісім беруге немесе бас тартуға» құқығы бар делінген.
Қорыта айтқанда, мәліметтер Қазақстандағы ауыл шаруашылығы азаматтарды азық-түлікпен жеткілікті деңгейде қамтамасыз ете алатынын көрсетіп отыр. Вакцинациялауға немесе өзге де медициналық манипуляцияларға мәжбүрлеу елдің заңнамасына қайшы келеді. Демек, алдағы уақытта болатын аштық пен нан тек вакцина салдырған адамдарға ғана берілетіні туралы хабарлама фактілерге қайшы келетін фейк болып табылады.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button