Фейк: «Вакцинацияланған жануарлардың еті қозғалады және көбейеді»
Telegram мессенджерінде ерекше видео таралды. Кадрларда тауық етін бұзған кезде оның кейбір бұлшықеттері жиырылатыны көрсетілген. Видеода бұл тауық COVID-19-ға қарсы егілген деп жазылған. Бұл шындыққа жанаспайды.
Біріншіден, тауықтарға COVID-19-ға қарсы екпе салынбайтынын айта кеткен жөн. Олар басқа ауруларға, соның ішінде қоздырғыштары коронавирустар болып табылатын ауруларға да қарсы вакцинацияланады. Естеріңізге сала кетейік, бұл патогендердің 43 түрі кіретін барлық вирустар тобы. Олардың жетеуі ғана адамдарға жұғады. Қалғандары жануарлар үшін қауіпті. Кейбіреулері, мысалы, 1931 жылы табылған ACoV коронавирусы тауықтарда жұқпалы бронхит тудырады.
Тауықтарды осы және басқа «құс» коронавирустарына қарсы егу жарты ғасыр бұрын басталды. Осы жылдар ішінде вакциналардың құстардың етіне қандай да бір әсері барына ешқандай дәлел табылған жоқ.
«Тірі» ет феномені вакцинациямен байланысты емес. Адамзат COVID-19 вакцинациясына қарағанда ол туралы көп біледі. Мысалы, 2009 жылы желіде қозғалатын бақа аяқтарының видеосы тарады. 2015 жылы өлтірілген, терісі алынған, сонда да қозғалып жатқан жыланның видеосы түсірілді. 2017 жылы жиырылған сиыр етінің видеосы жарияланды. 2018 жылы балық тазалау кезінде түсірілген осындай кадрлар шықты.
2019 жылы шикі ет кесегінің тәрелкеден «тұрып кетіп бара жатқан» видео кеңінен таралды.
Мұндай жағдай неліктен орын алатыны туралы Scientific American ғылыми сайтында егжей-тегжейлі жазылған.
«Тірі жан өлгенде, оның нейрондары жұмысын бірден тоқтатпайды. Потенциалды сақтау үшін айналадағы энергия жеткілікті болса, нейрондар жұмыс істеп тұрады», – делінген порталда.
Яғни, еттің қозғалуы өлтірілген жануардың COVID-19-ға қарсы егілгенінің емес, оның жаңа ғана сойылғандығының белгісі.
Демек, таралған ақпарат – фейк. Біріншіден, тауықтар COVID-19-ға қарсы егілмейді, екіншіден, видеоға түсірілген әсерді биология тұрғысынан толығымен түсіндіруге болады.