Фейк: «ПТР тесттің көмегімен адамдарды жасырын вакцинациялауда»
Қазақстандықтар Telegram-чаттарда Джонс Хопкинс университеті ғалымдарының жаңа зерттемесін талқылауда. Конспирологияны жақтаушылардың пікірінше, инновация ПТР талдауы үшін жақпалар алу түрінде адамдарды жасырын түрде вакцинациялау үшін белсенді қолданылуда. Бұл жалған.
Джонс Хопкинс университеті дәрі-дәрмекті асқазан-ішек жолына тікелей жеткізуге мүмкіндік беретін технология әзірлеп жатқаны рас. Бұл дәрілерді жақсы сіңіру үшін қажет. Бұл әдіс шұғыл көмекке мұқтаж пациенттерге, балаларға және ес-түссіз жатқан адамдарға жарамды.
Әзірлеме – өте ұсақ, пішінін өзгерте алатын жұқа металдан, пленкадан және парафинді балауыздан жасалған «жұлдызшалар». Құрылғыларда дәрі-дәрмектің микродозалары болуы мүмкін және оларды тікелей ішекке «шығарады».
Қастандық теориясын жақтаушылардың пікірінше, бұл құрылғыларды ПТР талдауына арналған стиктердің ұшына орналастыруға болады. Ал жақпаны алғаннан кейін «жұлдызшалар» ағзада қалып, вакцинаны енгізеді. Бұл теориядағы қателікті талдайық.
Микроскопиялық құрылғылар ағзаға тік ішек арқылы енгізіледі және тек асқазан-ішек жолында ға жұмыс істеуге арналған. Сонымен қатар, әзірге бұл технология әзірлену сатысында және кеңінен қолданылмайды.
Сонымен қатар, COVID-19-ға қарсы вакциналар бұлшықетке егіледі, осылайша ол асқазан-ішек жолына түспейді.
COVID-19 қарсы вакциналар әртүрлі технологиялармен және әртүрлі ингредиенттерді қолдана отырып, жасалады. Демек, вакциналарды сақтау шарттары да әртүрлі . Кейбіреулерін өте төмен температурада сақтау керек, ал басқаларын алдын ала салқындатпай тасымалдауға болады. Дәрі-дәрмектің жарамдылық мерзімі де бірдей емес.
Инновациялық «жұлдызшаларға» әртүрлі вакциналарды «салу» және оларды бөлме температурасында тасымалданатын және сақталатын ПТР тест жиынтықтарына енгізу мүмкін емес. Бұл вакцинаның қасиеттерінің жоғалуына және ағзаның препаратқа күтпеген реакциясына әкеледі.
Айта кетейік, Қазақстанда пациенттің немесе оның заңды өкілінің келісімінсіз вакцинациялау және қандай да болмасын медициналық манипуляциялар жүргізу заңсыз болып табылады. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 77-бабына сәйкес, азаматтар хабардар етілген келісімге немесе профилактикалық егулерді қоса алғанда, барлық медициналық манипуляциялардан бас тартуға құқылы.
Қорыта айтқанда, ПТР тестілеу түріндегі құпия вакцинация туралы хабарламалар дәлелденбеген. Джонс Хопкинс университеті қызметкерлерінің әзірлемесінің COVID-19-ға, сондай-ақ осы індетке қарсы вакцинациялауға еш қатысы жоқ. Адамдарды еркіне қарсы егу заңсыз.