Фейк: «Жүрек-қан тамырлары ауруларына қарсы вакциналар бедеулікке әкеледі»
Telegram мессенджерінде қазақстандықтар жүрек-қан тамырлары ауруларына қарсы вакциналар фертильділікке теріс әсерін тигізеді деген хабар таратуда. Бұған дәлел ретінде теория авторы Билл Гейтстің 2010 жылы TED конференциясында сөйлеген сөзін келтіреді. Бұл фейк және манипуляция.
Вакцина – ағзаға белгілі бір антигенге иммунитеттің пайда болуын қамтамасыз ететін биологиялық түрде жасалған медициналық препарат. Әдетте, вакцинада ауру тудыратын микроағзаларға ұқсайтын агент (вирус немесе бактерия) болады және көбінесе микробтың немесе оның бетіндегі ақуыздардың әлсіреген немесе өлтірілген түрлерінен жасалады.
Тек жұқпалы аурулардың, яғни бактериялар мен вирустардан туындайтын дертке қарсы вакциналар ғана болады. ДДСҰ мәліметтері бойынша бүгінгі таңда әлемде туберкулез, тырысқақ, сіреспе, полиомиелит, паротит, кене энцефалиті және т.б. сияқты 26 ауруға қарсы вакцина бар. Сондай-ақ ғалымдар жаңа вакциналарды әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізуде.
Жүрек-қан тамырлары ауруларына мыналар жатады: жүректің ишемиялық ауруы, ми тамырларының аурулары, перифериялық артерия аурулары, ревмокардит, туа біткен жүрек ауруы, терең тамыр тромбозы және жүрек эмболиясы. Бұл аурулардың ешқайсысы ағзаға вирустар мен бактериялардың енуінің нәтижесінде туындамайды. Демек, бұл аурулар инфекциялық емес және жұқпайды. Бұл аурулардың қоздырғыштары патоген болмағандықтан, оларға қарсы вакцина жасау мүмкін емес.
Қорыта айтқанда, жүрек-қан тамырлары ауруларына қарсы вакциналар бедеулікке әкелмейді, өйткені ондай екпелер жоқ.
Билл Гейтстің вакциналардың көмегімен Жер халқының санын азайту туралы сөздері желіде талай рет талқыланған. Ол 2010 жылы TED конференциясында вакциналардың адамзатқа әсері туралы баяндама жасаған болатын.
Microsoft компаниясының негізін қалаушы тірі адамдарды өлтіру туралы емес, тууды бақылау туралы айтқан еді. Оның пікірінше, егер адамзат балалар өлім-жітімін жеңе алса, онда көптеген елдерде әйелдерге көп бала туу қажет болмайды. Оның орнына, отбасылардағы балалар саны ата-аналар жеткізе алатындай болады. Билл мен Мелинда Гейтстер дәл осы идеяны 2017 жылы Уоррен Баффетке жазған хатында тағы да айтады.
Демек, Билл Гейтстің мәтінде келтірілген сөзі фактілерді бұрмалау және манипуляциялау болып табылады, ал жүрек-қан тамырлары ауруларына қарсы вакциналардың фертильділікке зиянды әсері туралы теория фактілерге мүлдем қайшы келеді, өйткені әлемде мұндай препараттар жоқ.