Манипуляция: «Вакцина өндірушілер препараттың COVID-19-дан қорғамайтынын мойындады»
Қазақстандықтар COVID-19-ға қарсы вакциналар іс жүзінде аурудан қорғамайтыны туралы хабарламар таратуда. Мұны дәрі-дәрмек өндірушілердің өздері мойындаған екен. Бұл манипуляция.
Пайдаланушылар дәлел ретінде Pfizer/BioNTech шығарған Comirnaty вакцинасы туралы ақпараттық парақты ұсынады. Мәтінде былай жазылған: «Қазіргі кезде біз COVID-19 қарсы вакциналардың вирустың таралуын болдырмауда қаншалықты тиімді екенін білмейміз. Демек, екпе жасатқан адам SARS-CoV-2 вирусын әлі де болса жұқтыруы мүмкін. Егер онда аурудың белгілері болмаса немесе шамалы болса да, ол бәрібір де оны басқаларға жұқтыруы мүмкін».
Яғни, вирус вакцинацияланған адамға әсер етуі мүмкін, егер вирус сілекей бөлшектерімен және егілген адамның демімен шыққан аэрозольдермен ағзаға түссе, вакцина айналадағыларды қорғамайды. Бұл туралы мамандар бұған дейін хабарлаған болатын.
Дәрігер-вакцинолог Евгений Тимаковтың айтуынша, вакцина вирус зақымдауы мүмкін органға жетуіне жол бермейді. Бірақ, препарат оның қоршаған ортадан шырышты қабықтарға түсуінен қорғамайды.
– Вакцинация кезінде шырышты қабықтардың жергілікті иммунитеті көтерілмейді, сондықтан коронавирус жұтқыншаққа түсіп, көбейе бастайды. Осылайша адам инфекция көзіне айналады, – дейді маман.
Екпе салдырғанның өзінде індетті басқаларға жұқтыру мүмкіндігін болдырмау үшін белгіленген санитарлық талаптарды сақтау қажет: маска тағу, қолды сабынмен жиі жуу, адамдар көп жиналатын жерлерге бармау.
Айта кетейік, осы ақпараттық буклетте вакцинаның тиімділігін дәлелдейтін ауқымды клиникалық зерттеулер туралы жазылған. Яғни, препарат егілген адамды COVID-19 өршуінен қорғай алады.
Қазақстанда Pfizer/BioNTech өндірген препарат қолданылмайды. Елімізде тәуекел топтар мен еріктілерге «Спутник-V» вакцинасы егілуде.
Осылайша, өндірушілер вакцинаның тиімділігі төмен екендігін мойындағаны туралы ақпарат манипуляция болып табылады. Олар адамдарға вакцинациядан кейін де басқаларды қорғау үшін санитарлық талаптарды сақтау керек екенін ескертті.