Фейк: «Вирустардың бар екендігі дәлелденбеген»
Telegram мессенджерінде қазақстандықтар вирустардың бар екендігі дәлелденбегендіктен олар болмайды деген теорияны талқылауда, сондай-ақ, Луи Пастер теориясы толығымен жалған екен. Бұл ғылыми қауымдастық бірнеше рет теріске шығарған танымал қастандық идеясы.
Вирустар жоқ және барлық ауыр аурулар өмірдегі қақтығыстар мен күйзелістердің салдары болып табылады деген гипотезаның негізін қалаушы бұрынғы неміс дәрігері Райк Гирд Хамер. Ұлы қайтыс болғаннан кейін одан қатерлі ісік анықталған, осы оқиғаларды біріктіріп, ол қатерлі ісік қатты күйзелістің салдары деп шешкен. Кейін Хамер «Неміс жаңа медицинасы» деп аталатын өз ілімін құрды. Ол антисемиттік идеяларға, қастандық теориялары мен дәлелді медицинадан толық бас тартуға негізделген.
Қылмыстық немқұрайлылыққа байланысты 1986 жылы Хамердің медициналық лицензиясы қайтарып алынды. Бірақ ол тәжірибесін жалғастырып, 1995 жылы дәлелді медицина әдістерін қолданбай, қатерлі ісікке шалдыққан алты жасар қызды емдеуге тырысқанда жанжал шығады. Нәтижесінде Хамер қылмыстық немқұрайлылық жасады деп айыпталып, Еуропаның бірнеше елінде түрмеге жабылды. Баланың ата-анасы да жауапқа тартылды, ал қыздың өзі химиотерапия және сәулелік терапия арқылы толық емделді.
Осыған қарамастан, Хамер өзінің ілімінің өзектілігі мен шынайылығын дәлелдеуге тырысып, оның теориясын Трнава университетінің профессорлық құрамы растады дейді. Бірақ университеттің өзі ғылыми кеңес Хамердің өтінішін қабылдамады деп мәлімдеді .
Оның үстіне, Трнава университетінде медициналық факультет жоқ. Университет тек әлеуметтік қызметкерлер мен медбикелерді ғана оқытып шығарады.
Швейцария онкология қоғамының Швейцария онкологиялық лигасы, Швейцария медициналық онкология қоғамы және Швейцария қатерлі ісікті қолданбалы зерттеу институты Хамер теориясын сынға алып, ғылымға қарсы деп таныды. Сонымен қатар, Неміс қатерлі ісік ауруын зерттеу орталығы, Неміс Медициналық қауымдастығы және неміс тұтынушылар кеңестері Хамер ілімдеріне мүлдем келіспейтіндіктерін білдірді.
Германия мен Еуропалық Одақтың медициналық мекемесі Хамер терапиясының пациенттерге тигізер қаупі туралы ескертті. Егер тиімді емдеуге тиісті назар аударылмаса, Хамер теорияларын қолдану кейбір елдерде дәрігердің міндеттерін ескермеу ретінде жазаланады.
Сондай-ақ, баспасөзде Хамер әдісімен емдеу нәтижесінде аурудан қайтыс болған адамдар туралы үнемі жазылады.
Бұған қарамастан, әлемде бойынша Хамер теориясын ұстанатындар табылуда. Солардың бірі – әйгілі вакцинатор және АИТВ-диссидент Стефан Ланка «Неміс жаңа медицинасының» постулаттарын ұстанады. 2015 жылы ол қызылша вирусының бар екенін дәлелдеген адамға 10 мың доллар сыйақы беретінін жариялады. Доктор Дэвид Барден Ланкаға вирустың бар екенін дәлелдейтін және оның толық сипаттамасы, анықтамасы мен емдеу әдістері алты толық және ғылыми негізделген мақала берді. Бірақ Ланка уәде етілген сыйақыны төлеуден бас тартты, нәтижесінде доктор Барден сотқа жүгініп, істі жеңіп алды. Ланка жауап ретінде апелляцияға берді, оның барысында адвокаттар Ланка тек бір дәлелдеме беруді сұрады, ал Барден шарттың талаптарын бұзып, алтауын ұсынды дегенді желеу етіп, бірінші сатыдағы қаулының күшін жояды.
Пастер теориясының негізсіздігі туралы қазіргі идеялар Хамер мен Ланканың ілімдеріне негізделген. Шын мәнінде, екеуі де, олардың жақтастары да Пастер теориясының жалғандығын дәлелдеп, вирустардың барын жоққа шығара алмады. Бүгінгі таңда микробиология, стереохимия және медицинаның кейбір салалары Луи Пастердің ілімдеріне негізделеді. Луи Пастер сондай-ақ, сібір жарасына, тауық тырысқағына және құтыруға қарсы вакцинация мен вакциналардың ғылыми негіздерін жасаушы ретінде танымал.
Желі вирустардың микроскоппен түсірілген фото мен видеосы көп, бұл олардың бар екендігін сөзсіз дәлелдейді.
Вирустар алғаш рет 1892 жылы табылды, содан бері оларды зерттеу тоқтамаған.
Вирустардың анықталған геномдық тізбегі GenBank ашық мұрағатында сақталады, олармен кез келген адам таныса алады.
Қорыта айтқанда, вирустардың болуын жоққа шығаратын теория, дәлелдері жоқ және ғылыми қауымдастық бірнеше рет жоққа шығарған қастандық теориясы болып табылады.