Қазнетте «бас фармацевттің орынбасарының» дәйексөзі келтірілген фейк қайта таратылуда
Желіде Қазақстанның «бас фармацевттің орынбасарының» сөзі келтірілген ескі фейк таратылуда. Мәтінге сәйкес, осы қызметті атқарып жүрген Әйгерім Темішпаева Facebook – те зейнеткерлер – бұл пайдаланылған материал және оларға тегін дәрі-дәрмек берудің қажеті жоқ деп жазған екен. Бұған неге сенуге болмайды, анықтайық.
Ресей, Украина, Өзбекстан және Қазақстан Бас фармацевттері орынбасарларының атынан дәл осындай мәтін бұған дейін де таратылған болатын. Барлық үш мемлекетте «орынбасардың» есімі «Кристина Сомова» болса, фейктің қазақстандық нұсқасында бұл қызметті Қанипа Оспанова «атқарады». Ол кезде фейк хабарламалар ағымы гипертония болғанда көмектесетін «Артериале» препаратын жарнамалаған.
Қазір де ұқсас жарнамалық науқан қолданылып, қазақстандықтарға осы сияқты «Артерио» дәрісі сатылуда.
Бұл жолы еліміздің «бас фармацевтінің орынбасарының» есімі Әйгерім Темішпаева. Бір қызығы, Қазақстанда «бас фармацевт» лауазымы да, оның орынбасары да жоқ. Медициналық қызметтер көрсету мен дәрі-дәрмектер айналымының сапасын мемлекеттік бақылауды Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті жүзеге асырады. Комитет төрайымының міндетін қазір Лаура Ахметниязова атқаруда.
Фейк ақпаратта одан әрі елдің жаңадан тағайындалған «жаңа бас фармацевтімен» егжей-тегжейлі сұхбат ұсынылған. «Пазылбеков Қайрат. ҚР Фармацевтика департаментінің басшысы» деп жазылған фотода Маңғыстау облысының туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері Қуат Титанов бейнеленген. Ол бұлай аталатын департаментті басқарған емес, сонымен қатар, біздің елімізде мұндай ведомство мүлдем жоқ.
Содан кейін мәтінде «ҚР кардиохирургия орталығының басшысы» Олжас Алпышевтің сөздері келтірілген. Бірақ суретте Маңғыстау облыстық ауруханасының бас дәрігері Қайрат Дінәлиев бейнеленген. Елімізде «Қазақстан Республикасының кардиохирургия орталығы» деп аталатын аурухана да жоқ.
Сұхбат материалы «Еuropharma дәріханалар желісінің өкілі» Марат Мұсахановпен аяқталады. Ал суретте «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры Дияс Азбергенов бейнеленген. Еuropharma дәріханалар желісі Қазақстанда бар, бірақ оның бас директоры Руслан Берденов болып табылады.
Қорыта айтқанда, Қазақстанның «бас фармацевтінің орынбасарының» мәлімдемесі де, денсаулық сақтау саласы өкілдерімен өткізілген сұхбат та шынайы емес. Мәтінде көрсетілген лауазымдар мен ведомстволар мүлдем жоқ, ал материалда ұсынылған фотосуреттерде басқа адамдар бейнеленген.