Жаңалықтар

Манипуляция: «Балалар маскаларынан алынған жағындылар жүздеген бактерияның бар екенін көрсетті»

Казнет қолданушылары балалар таққан маскалардан алынған жағындылар жүздеген бактерия мен саңырауқұлақтардың бар екенін көрсетті деген ақпаратты талқылауда. Тәжірибені неміс қайырымдылық балалар орталығы жүргізген екен. Желіде бұған растау табылмады, ал медициналық маскада бактериялардың болуы таңқаларлық жайт емес.

Біріншіден, хабарламада аты аталған Kinder für Weltfrieden неміс қайырымдылық орталығының ресми сайтында тәжірибе жүргізілгені туралы мәлімет жоқ.  Мұндай жазбалар орталықтың әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында да жарияланбаған.  Ірі жаңалықтар порталдары да Германияда балалардың медициналық маскаларымен жүргізілген таңқаларлық тәжірибелер туралы ештеңе жазған емес.

Екіншіден, қолданылған медициналық маскаларда бактериялар мен саңырауқұлақтардың кейбір түрлерінің болуы жаңалық емес. Мәселе мынада, адамның ауыз қуысы стерильді емес. Ғалымдардың зерттеулері көрсеткендей, адамның аузында бактериялардың шамамен 150 түрі бар. Бұл ретте әр адамның микроағзалар жиынтығы ерекше болады.  Тиісінше, ауа шығарған кезде сілекейдің микроскопиялық бөлшектерімен бірге масканың ішкі бетінде орналасқан осы бактериялардың бір бөлігі де шығады.

FOX6 телеарнасының журналистері тәуелсіз тәжірибе жүргізген екен, ол үшін көшеде 20 адамның бетпердесінен жағындылар алған. Нәтижелер көрсеткендей, ең көп бактерия матадан тігілген маскалардан анықталған, Оны жумай кемінде 15 рет таққан.  Бұл микроағзалардың барлығы негізінен зиянсыз және ауру қоздырғыштары болып саналмайды.

Бірақ бактериялар мен саңырауқұлақтарға толы масканы тағудың да еш пайдасы жоқ. Сондықтан сарапшылар бір рет қолданылатын маскаларды әр екі-үш сағат сайын ауыстыруға кеңес береді. Қайта қолдануға болатын маскаларды күніне кемінде бір рет жуу керек. Бұл шаралар жеке қорғану құралдарын таза ұстауға және зиянды микроағзалардың ішке түсуіне жол бермейді.
 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button