Fake News

Жалған: «АҚШ Жоғарғы Соты жалпы вакцинацияны болдырмайтын болды»

Қазақстандық пайдаланушылар «Билл Гейтс, АҚШ-тың бас инфекционисті Фаучи және Биг Фарма «барлық вакциналардың» қауіпсіздігін дәлелдей алмай, АҚШ Жоғарғы сотына берілген талап-арызда жеңілді» деген ақпаратты таратуда. Авторлар мәтінде коронавирустық вакцинаны гендік қару деп атайды. Тексеру кезінде StopFake.kz хабарламаның бұған дейін мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде таратылған бірнеше фейктен жасалғанын анықтады.

Хабарлама мәтінін талдайық.


Сот болды ма?
«АҚШ-та Жоғарғы Сот жалпы вакцинацияны болдырмайтын болды. Билл Гейтс, АҚШ-тың бас инфекционисті Фаучи мен Биг Фарма АҚШ Жоғарғы Сотында соңғы 32 жыл бойы барлық вакциналар азаматтардың денсаулығы үшін қауіпсіз болғанын дәлелдей алмай, сотта жеңіліп қалды! Талап-арыды сенатор Кеннеди бастаған ғалымдар тобы берген», – делінген хабарламаның бірінші бөлігінде.
АҚШ-та танымал вакцинацияға қарсы қозғалыстың көшбасшысы, адвокат Роберт Кеннедидің сотқа жүгінгені рас. 2018 жылдың тамызында ол Билл Гетс, Фаучи және Биг Фарманы емес, HHS (АҚШ Денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтерминистрлігі) сотқа берген. Бұл туралы ол өзінің Twitter-дегі парақшасында жазған. Кеннеди вакциналардың сапасын бақылау туралы есеп беруді талап еткен. Процедураға сәйкес, Денсаулық сақтау министрлігі бұл құжаттарды басқа министрліктерге жіберуі керек. Талап-арызға мұндай құжаттар жоқ деген жауап келеді. Басқа бөлімдерге жіберілген нақ осы есептер жоқ, бұл хат-хабарларды жіберу ережелерін бұзудың дәлелі болып табылады, бірақ әзірленген вакциналардың қауіпсіздігі туралы зерттеулердің жоқтығының белгісі емес.
Айта кетейік, талапкер зерттеу туралы сұрамаған. Арызда нақты процедура туралы айтылған. Тараптардың жарыссөздері осымен тоқтады, тараптар сот шығындарын өз бетінше төледі.
Кейіннен әлеуметтік желілерде бұл ақпарат бұрмаланып, вакциналар қауіпсіздігі зерттелмеген деген жалған ақпарат тарату үшін пайдаланылған. Бұл ашық манипуляция.
Әрине, мұндай зерттеулер бар және олар онлайн қолжетімді. Мысалы, вакциналардың қауіпсіздігі туралы үкіметтік сайтта, АҚШ Денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер министрлігінің сайтында және  вакциналардың қауіпсіздігін зерттеу институтының сайтында. Вакциналардың қауіпсіздігін бақылау орталығының сайтында ақпарат жылдар бойынша ұсынылған.

Коронавирус және Гейтс
Біраз уақыттан кейін бұған Билл Гейтс қосылды. Бірақ Microsoft-тың негізін қалаушымен байланысты фейктер бірнеше рет теріске шығарылған болатын.

Билл Гейтстің мәжбүрлі вакцинациялау арқылы депопуляциялау туралы хабарламасы – фейк

Одан әрі коронавирусқа қарсы вакциналар туралы айтылады және Р. Кеннедидің сөзі келтіріледі.
Марқұм АҚШ президенті Джон Кеннедидің жиені COVID-19 қарсы вакциналары туралы көп айтқан. Жалған посттары үшін оны әлеуметтік желілер бірнеше рет бұғаттаған. Ағымдағы жылдың ақпан айында Instagram жалған ақпарат таратқаны үшін оның аккаунтын жойды.
Алайда, оның мына тұжырымның авторы екендігіне ешқандай дәлел жоқ: «Адам жасушасының ішіне кіріп, мРНҚ басқа ақуыз шығара бастайтын қалыпты РНҚ/ДНҚ-ны бағдарламалайды. Яғни, дәстүрлі вакциналармен ортақ ештеңе жоқ! Яғни, бұл генетикалық әсер ету құралы. Гендік қару! Яғни, жер бетіндегі адамдар жойылады, ал аман қалғандар ГМА-ға айналады! …Вакцина салдырғандар оның салдарына көнуге мәжбүр болады, өйткені, генетикалық кемшіліктері бар адамдардағыдай оларды адам ағзасынан жай токсиндерді жою арқылы емдеу мүмкін болмайды, мысалы, Даун синдромы, Клайнфельтер синдромы, Тернер синдромы, генетикалық жүрек ұстамасы, гемофилия, кисталық фиброз, Ретт синдромы және т.б., себебі генетикалық кемшілік өмір бойына қалады!»
Бұл мәлімдемелер – жалған. Оларды да сарапшылар бірнеше рет жоққа шығарған, өйткені ДНҚ-ны өзгерту туралы жалған ақпарат өткен жылы «табиғи сауықтыру жөніндегі кеңесші» доктор Эндрю Кауфманның жазбаларынан шыққан.
АҚШ Корнелл университеті Alliance for Science тобының профессоры Марк Лайнас ешқандай вакцинаның адамның ДНҚ генетикалық түрде өзгерте алмайтынын түсіндірді.
«Генетикалық модификация адам жасушасының ядросына шетелдік ДНҚ-ны әдейі енгізуді көздейді, ал вакциналар олай әрекет етпейді. Вакциналар иммундық жүйені ағзаға жұғатын патогенді тануға үйретеді. Бұл негізінен вирустық антигендерді немесе әлсіреген тірі вирустарды енгізу арқылы жасалады, олар антиденелер қалыптастыру арқылы иммундық реакцияны ынталандырады», – деп түсіндірді Марк Лайнас Reuters агенттігіне берген сұхбатында.
Қорыта айтқанда, бірнеше жалған хабарламалардан құрастырылып, әлеуметтік желілерде тараған хабарлама вакцинацияға теріс көзқарас қалыптастыруға бағытталған манипуляция болып табылады.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button