Манипуляция: «ДДСҰ адамдар сотқа жүгінбес үшін вакциналардың жанама әсерлері үшін өтемақы төлеуді ұсынуда»
Қазнет қолданушылары ДДСҰ вакциналардың жанама әсерлері үшін өтемақы төлеу туралы мәлімдегені жайлы ақпаратты талқылауда. Кейбіреулердің пікірінше, ұйым зардап шеккендерге фармацевтикалық компаниялардың жоспарларын әшкерелеуге жол бермес үшін осындай қадамға барып отыр. Бұл олай емес.
Үстіміздегі жылдың 22 ақпанында ДДСҰ ресми сайтында COVID-19 қарсы вакциналардың жанама әсерлеріне өтемақы төлеу бойынша әлем бойынша алғашқы бағдарламаны іске қосу туралы баспасөз хабарламасы жарияланды. Бағдарлама Chubb Limited сақтандыру компаниясымен, ESIS Inc тәуекелдерді басқару компаниясымен, COVAX орталығымен және Gavi вакциналар альянсымен бірлесіп іске қосылды.
Өтемақы алуға өтінімдер www.covaxclaims.com порталы арқылы қабылданады. Ол 2021 жылғы 31 наурызда өз жұмысын бастайды.
Өтемақы бір реттік болады және COVAX жаһандық бағдарламасына мүше 92 кедей елге қатысты, олардың басым бөлігі Африка мен Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері. Бұл тізімде Қазақстан жоқ.
Өтемақы тек COVAX қоры арқылы сатып алынған вакциналардың жанама әсерлері болған жағдайда ғана төленеді. Әзірге Қордың Astra-Zeneca және Pfizer/BioNTech компанияларымен шарттар жасасқаны белгілі. Қазақстанда бұл препараттар қолданылмайды. Оларды сатып алу жоспарлары туралы да хабарланған жоқ.
Баспасөз хабарламасында сот талқылаулары жайлы да айтылады. «Жаңа бағдарлама табысы төмен және орташа 92 елде сотқа жүгінбестен өкілетті тұлғаларға өтемақы алуға мүмкіндік береді», – делінген хабарламада.
Бұл вакциналардың жанама әсерлерінен зардап шеккендер тіс жармас үшін жасалып отыр деген сөз емес. Мәселе мынада, бағдарлама басталғанға дейін кез келген медициналық препараттың жанама әсерлері үшін өтемақы алудың жалғыз жолы сотқа жеке жүгіну болған. Бұл ретте талап қоюшы мемлекеттік баж салығын төлеген, қажет болған жағдайда заңгерлерді, адвокаттар мен консультанттарды жалдаған. Сот ісі бірнеше айға созылуы мүмкін және судьяның талапкердің жағына шығуы және шешімді соның пайдасына шығаратынына кепілдік болмады.
ДДСҰ бағдарламасы сот процестерінсіз және баж салығын төлеместен, қысқа мерзімде өтемақы алуға мүмкіндік береді.
Бұл ретте азаматтар өтемақы алғаннан кейін де сотқа жүгінуге құқылы. Сонымен қатар, ДДСҰ бағдарламасы кейбір елдерге және қазіргі кезде әзірленген кейбір вакциналарға ғана қатысты.