Жалған: «COVID-19-ға қарсы вакцинациялауға берілетін келісім бланкісінде қате терминдер қолданылған»
Telegram-арналарда COVID-19-ға қарсы вакцинациялауға берілетін келісім бланкісі және «Спутник-V» вакцинасына патент таратылуда. Бұл құжаттарда «вакцина» және «адам» сөздерінің орнына «дәрілік препарат» және «сүтқоректілер» терминдері қолданылған. Біз бұл файлдарды тексеріп, ненің жалған және ненің манипуляция екенін анықтадық.
Қазақстандықтар талқылап жатқан құжаттардың бірі «ақпараттандырылған келісім нысаны бар зерттеуге қатысушының ақпараттық парағы» деп аталады. Ол 16 беттен тұрады, бірақ олардың тек 10-ы ғана фотоға түсірілген. Қолда бар суреттерде оның түпнұсқалығын растайтын мөрлер де, қолтаңбалар да жоқ. Оның үстіне, бұл құжаттың Қазақстанға ешқандай қатысы жоқ, өйткені біздің еліміздің аумағында «Спутник-V» вакцинасына клиникалық зерттеулер жүргізілген жоқ.
Денсаулық сақтау министрлігінде Қазақстанда ерікті түрде ақпараттандырылған келісім немесе профилактикалық егулерді жүргізуден бас тарту бланкісінің нысаны Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2018 жылғы 13 маусымдағы № 361 бұйрығымен бекітілгенін хабарлады.
Бұл бланк вакцинаны екпес бұрын медициналық мекемеде толтырылады.
«Дәрігер қабылдау кезінде вакцинаны егу үшін барлық «оң» және «теріс» жақтарын түсіндіруі керек. Содан кейін пациент толтырған бланкіге мөртаңба қойылады», – деп хабарлады ҚР Денсаулық сақтау министрлігі.
Айта кетейік, келісім немесе бас тарту нысаны әмбебап болып табылады және вакцинаның түріне және оның мақсатына байланысты өзгермейді.
Бланкіде «дәрі» және «сүтқоректілер» деген сөздер жоқ.
Мұндай тұжырымдар ресейлік COVID-19-ға қарсы вакцинациялауға ерікті түрде негізделген келісім нысанында да жоқ. Ресей Федерациясында мұндай бланкілер мен пациенттердің сауалнамалары COVID-19 қарсы вакцинация жүргізілетін ресейлік емханалардың сайттарында жарияланған.
Онда «профилактикалық вакцинация – бұл ересектерде жаңа коронавирустық инфекцияға (COVID-19) нақты иммунитетті қалыптастыру үшін адам ағзасына медициналық иммунобиологиялық препаратты егу» деп жазылған. Бұдан әрі «вакцина биотехнологиялық жолмен алынды, онда адамдар үшін патогенді SARS-CoV-2 вирусы қолданылмайды» делінген. Құжат бір парақтан тұрады.
Сондай-ақ, Telegram-таратылымда «сүтқоректілер» және «дәрілік зат» терминдері «Спутник-V» вакцинасына патентте және оны қолдану жөніндегі нұсқаулықта қолданылады деп мәлімдейді. Бұл манипуляция. Патентте: «Сонымен қатар SARS-CoV-2 вирусына ерекше иммунитет қалыптастыру әдісі ашылды, оның ішінде SARS-CoV-2 ауыр респираторлық синдром вирусынан туындаған аурулардың алдын алу үшін сүтқоректілердің ағзасына бір немесе одан да көп иммунобиологиялық препараттар егу» делінген. Бұл тұжырым вакцина адамдарға емес, «сүтқоректілерге» арналғанның белгісі емес. Бұл абзацта вакцинаны жануарларға, соның ішінде сүтқоректілер болып табылатын тышқандар мен приматтарға сынағаны туралы айтылған.
«Дәрілік зат» терминін қолдануда ешқандай қайшылық жоқ. Анықтамаға сәйкес, препарат (дәрі) – бұл ауруларды диагностикалау, емдеу және алдын алу үшін қолданылатын зат. Вакциналар тек профилактикалық мақсатта ғана қолданылады.