Манипуляция: «ДДСҰ вакцинацияны тоқтата тұруға шақырды»
Қазнетте ДДСҰ басшысы Тедрос Аданом Гебреисус мәлімдемесі талқылануда. Кейбіреулер оның COVID-19 вакцинациясын тоқтата тұру туралы өтінішін өте қисынсыз деп санайды. Шындығында, ол басқаша айтқан еді.
Тедрос Аданом Гебреисустың дамыған елдердің басшыларын азаматтарды жаппай вакцинациялауды кейінге қалдыруға шақырғаны рас. Алайда, бұл «вакциналық ұлтшылдық» қаупі, яғни COVID-19 қарсы препарат әзірленген елдер мен вакцинасы жоқ мемлекеттер арасындағы теңсіздік контекстінде айтылды.
Сонымен қатар, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының баспасөз хатшысы Маргарет Харрис алдымен әлемдегі осал топтардың барлық өкілдерін вакцинациялауға, содан кейін дамыған елдердегі адамдарды жаппай вакцинациялауға үндеген.
«Барлық елдерге қаратып айтамыз: күте тұрыңыздар. Бір елді вакцинациялауға асығудың орнына, әлі көп іс атқаруымыз керек (вакцинация тұрғысынан осал мемлекеттерге көмек ретінде). Мұны бірге жасауымыз керек», – деді ол.
ДДСҰ пікірінше, кейбір елдер ешкім вакцина ала алмай отырғанда, басқа елдердегі жаппай вакцинациялау этикаға жат және әділетсіз болады. Сонымен қатар, бұл әлемдік экономика үшін үлкен шығындарға әкелуі мүмкін.
Осылайша, ДДСҰ СOVID-19 қарсы вакцинацияны мүлдем тоқтатуға емес, бұл дамыған мемлекеттерде жаппай егу науқанының кешіктірілуіне әкелсе де, препаратты барлық елдер арасында үлестіруге шақырды.