Fake News

Фейк: «Бір литр сүзілмеген сыра бір литр сүтке қарағанда 10 есе пайдалы»

Әлеуметтік желілерді пайдаланушылар таратқан суретте 1 литр сүзілмеген сыра бір литр сүтке қарағанда 10 есе пайдалы деп жазылған. Мұны Мюнхен сыра институты ғылыми тұрғыдан дәлелдеген екен. Суреттегі ақпарат жалған.

Алдымен Мюнхенде сыра институты жоқ екенін айта кеткен жөн. 1868 жылы құрылған Мюнхен техникалық университеті бар. Онда техникалық мамандарды оқытып қана қоймай, сондай-ақ сыра қайнататын сусындар технологиясын үйретеді.

Сыра институты АҚШ-та Колумбия округінде бар. Бұл ірі және шағын сыра қайнататын орындар мүше болып табылатын сауда қауымдастығы. Ұйымның сайтында сыраның сүттен әлдеқайда пайдалы екендігі туралы ақпарат жоқ.

2018 жылы Эрланген-Нюрнберг университетінің (FAU) ғалымдар тобы сырадан, нақтырақ айтқанда, адам денсаулығына жақсы әсер ететін құлмақтан екі зат тапқан. Бұл ксантогумол – бауырдың семіздігін болдырмайтын және қабынуға қарсы әсері бар полифенол. Екінші зат – изо-альфа-ащы қышқылдар. Олардың глюкоза алмасуы мен май алмасуындағы оң әсері бар.

Бірақ құрамында алкоголь болғандықтан сыраны дәрі деп атауға болмайды, дейді ғалымдар.

Сыра денсаулыққа пайдалы деп қанша дәлел келтірілмесе де, ондағы алкоголь оның барлық қасиетін жоққа шығарады. Ол улы және тәуелділік тудырады. Сусынды шамадан тыс тұтыну ерлердің де, әйелдердің де денсаулығына кері әсерін тигізеді. Сыра аритмия, ас қорыту проблемаларын тудырады, инсульт пен жүрек ауруларының, депрессия мен психикалық бұзылулардың пайда болуына түрткі болады, иммунитетті төмендетеді. Сыраны көп ішіп, ауырып қалу қаупі оның ықтимал пайдасынан гөрі жоғары.

2018 жылы «Ланцет» медициналық журналында жарияланған зерттеу авторлары алкогольдік сусындардың адам ағзасына әсерін зерттеп, талдаған. Оның қорытындысы «Алкогольді тұтынудың ешқандай деңгейі денсаулықты жақсартпайды» деген тақырыппен жарық көрді.

Демек, сыра сүтке қарағанда пайдалы деген тұжырым шындыққа жанаспайды.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button