Дәлелсіз: «Әлемдік элиталар Жер халқының санын азайту туралы пактіге қол қойды»
Telegram-да Geenpeace канадалық филиалының экс-президенті әлемдік элиталар Жер халқының санын азайту туралы пакті жасасты дееп мәлімдегені туралы жазылды. Бұған сенудің қажеті жоқ. Неге екенін түсіндірейік.
Доктор Патрик Мур 1981 және 1986 жылдары канадалық Geenpeace филиалын басқарған. Алайда, кейін ол ұйыммен ынтымақтастығын тоқтатып, өз мансабын одан бөлек құрды.
Мур қызметінен кеткеннен кейін көпшілік алдындағы сөздерінде жаһандық жылыну және табиғи ресурстардың таралуы туралы айта бастады. Ол жаһандық жылынудың Жер флорасы мен фаунасына зиян тигізетіні туралы ешқандай дәлел жоқ деп мәлімдеді. Сондай-ақ ол жаһандық жылынудың көбінесе адамның іс-әрекеті, атап айтқанда, мұнай, газ және көмір сияқты қазбалы отынды пайдалану салдарынан болатындығына ғылыми дәлелдер жоқ деген идеяны қолдады. Бұл мәлімдемелерді ғалымдар да, фактчекерлер де жоққа шығарды. Шын мәнінде, климаттың өзгеруінің келтіретін зиянына айғақтар жеткілікті және бұл процесстегі адамның рөлі дәлелденген.
Geenpeace 2010 жылы өзінің сайтында доктор Мурға және оның мәлімдемелеріне қатысты мәлімдеме жариялады. Онда ұйым өкілдері пайдалы қазбаларды өндіру және пайдалану экологияға әсер етпейді деп айту Патрик Мур үшін тиімді екенін айтқан. Мур 30 жылдан астам уақыт бойы бірнеше көмір өндіруші компанияның, сондай-ақ ағаш өндіретін ұйымдардың баспасөз хатшысы болып жұмыс істеді. Сонымен қатар ол химия және аквамәдениет салаларында жұмыс істеді.
Қазір Қазнетте қол қойылған халықтың санын қысқарту жөніндегі пакті туралы видеода Патрик Мур қазбалы отынды пайдалану, сондай-ақ одан бас тарту және «жасыл» энергетикаға көшу «суицидтік келісім» болып табылатыны туралы хабарлайды. Одан әрі ол әлемде планетамызда адамдар өте көп деп санайтын саясаткерлер бар, бірақ өзі олай ойламайтынын айтады. Содан кейін жүргізуші Мур Дүниежүзілік экономикалық форум және оның негізін қалаушы Клаус Шваб туралы айтқан болар дееп өз пайымын жеткізеді.
Яғни, толық роликте Патрик Мур халықты қысқарту туралы ешқандай пакті туралы айтпаған, ол тек көмірден, мұнайдан және газдан бас тарту идеясын – «суицидтік келісім» деп қана атады. Мур өзі көп жылдар бойы тау-кен саласында жұмыс істеген және ол үшін осындай мәлімдемелер жасау тиімді болуы мүмкін екенін түсінуіміз қажет. Сондай-ақ Патрик Мур климаттың өзгеруіне және адамның жаһандық жылынудағы рөліне қатысты негізсіз және жалған мәлімдемелер жасағанын ұмытпағанымыз жөн.
Демек, таралған ақпарат – дәлелсіз және манипуляция.