Манипуляция: «COVID-19 күресу аясында адамдарға қарғыбаулар мен шок-білезіктер тағады»
Қазнетте БҰҰ-ның адамдарға арналған қарғыбаулар мен шок-білезіктер шығару туралы мәлімдегені жайлы жаңалық талқылануда. Бұл құрылғылар СOVID-19 күресуге көмектеседі дейді. Бұл – манипуляция.
Біріншіден, БҰҰ қандай да болмасын құрылғыларды, өнімдерді немесе басқа заттарды шығарумен айналыспайды.
Екіншіден, қастандық теориясын жақтаушылар «иттің қарғыбауы» деп атайтын құрылғылар ондай емес. Бұл – шағын пластик дисктердің ұзын тізбегі. Оны мойынға немесе белдікке тағуға болады. Адамдар бір-біріне екі метрден артық жақындаған кезде құрылғы дыбыстық сигнал шығарып, дірілдейді. «Шок-білезіктер» туралы да асыра айтылған. Электрондық білезіктер 2020 жылғы наурыздан бастап Гонконгта қолданылуда. Оны қалаға келгендерге тағады. Білезік мобильді қосымшаға қосылады және оны таққан адамның орналасқан жерін бақылайды. Ол өзін-өзі оқшаулауды бақылауға арналған. Білезікті екі апта бойы тағып жүру керек.
Үшіншіден, әлеуметтік қашықтықты бақылайтын құрылғылары бар тізбектерді барлық жерде тағып жүрмейді. Әзірге оны тек Флоренцияда Кафедралды соборға ғана тағып барады. Девайстар келушілерге ауруды жұқтыру қаупінсіз көрікті жерлерді тамашалауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, Францияда Essity компаниясының қызметкерлеріне де құрылғыларды тағу ұсынылды. Бұл ретте жұмыс беруші құрылғылардың көмегімен қызметкерлердің орналасқан жерін қадағаламайтынына кепілдік берді. Осыған қарамастан, бұл идея француздардың күмәнін тудырды. CFDT кәсіподағының өкілі Кристин Дюге құрылғылар «жеке бас еркіндігіне жасалған шабуыл» деп мәлімдеді.
Қорыта айтқанда, жеке ұйымдарда әлеуметтік қашықтықты бақылау және өзін-өзі оқшаулау режимін сақтау үшін арнайы құрылғылар қолданылуы мүмкін екендігіне қарамастан, олардың қарғыбаулар мен шок білезіктерге еш қатысы жоқ. Оның үстіне, оларды үнемі тағып жүру қажет емес.