Фейк: «Англияда коронавирустың жаңа штаммының табылуы мүмкін емес»
Қазнет қолданушылары COVID-19 қоздырғышы SARS-Cov-2 коронавирусы мүлдем анықталмаса, Англияда коронавирустың жаңа, жұқпалы болуы ықтимал штаммы қалай табылған деп ойлануда. Бұл – жаңылысу.
SARS-CoV-2 вирусының геномы толығымен анықталып, 2020 жылдың 26 қаңтарында Еуропалық ауруларды бақылау және алдын алу орталығының сайтында жарияланды. РНҚ -вирусы Уханьда пневмониямен ауырған науқастардан алынған нуклеин қышқылының үлгілерінен табылды.
Англияда табылған жаңа штаммға да сипаттама берілген.
Ол алғаш рет осы жылдың қазан айында, бір ай бұрын алынған үлгілерде табылды. Оған VUI – 202012/01 немесе B. 1. 1. 7 сызығы атауы берілді. Желтоқсанның ортасына қарай ауру тез тарала бастаған, ғалымдардың пікірінше, бұл штамм бұған дейін белгілі болған аурудан гөрі жұқпалы болуы мүмкін. Бір топ ғалымдар осындай қорытынды жасады, олардың құрамында Ұлыбританияның COVID-19 Genomics UK консорциумының мамандары да бар, бірақ олардың тұжырымдары әлі расталған жоқ.
Болжам бойынша, жаңа штамм иммунитеті төмен адам ағзасындағы SARS-CoV-2 вирусының мутациясы нәтижесінде пайда болған.
Қазіргі кезде SARS-CoV-2-ге қарағанда жаңа штаммнан болатын өлім-жітім деңгейі жоғары болуы мүмкін екендігі туралы да ешқандай дәлелдер жоқ. Оның қасиеттері мен ерекшеліктері зерттеліп, мәліметтер ұдайы жаңартылып отырады.
Коронавирус мутациясы бұған дейін де болған. Мысалы, D614G және A222V штамдары Еуропаның бірнеше елінде таралған. H69/V70 мутациясының бір түрі Данияда тіркелген.
Алайда, ғалымдар қазіргі вакциналар тіпті мутацияланған штамдарды жұқтырудың да алдын ала алады деген ортақ пікірге келді.
Қорыта айтқанда, SARS-CoV-2 вирусының мутациясын анықтау мүмкін емес деген тұжырым SARS-CoV-2 өзі зертханалық түрде анықталмаған деген жалған ақпарат негізінде туындаған фейк.