Манипуляция:«COVID-19 қарсы вакцина қауіпті, өйткені оны сынау барысында алты адам қайтыс болды»
Қазнетте пайдаланушылар COVID-19 вакцинасын сынау кезінде алты еріктінің қаза тапқаны туралы ақпаратпен белсенді бөлісуде, бұл туралы препаратты әзірлеушілердің өздері – Pfizer және BioNTech SE хабарлаған. Шын мәнінде, бұл статистика вакцинаның қауіптілігінің белгісі емес. Оны АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасы жөніндегі басқармасының (FDA) қорытындылары растайды.
Алты сынаққа қатысушының қайтыс болғаны туралы осы жылдың 10 желтоқсанында өткен брифингке арналған баяндамада жазылған. Мәтін FDA ресми сайтында жарияланған.
Жалпы, сынаққа 43 448 адам қатысты. Осылайша, сынақ кезінде қайтыс болғандардың саны 0,1% құрайды. Осы алты адамның төртеуі плацебо тобында болған. Екеуі нақты вакцина алған, екеуі де 55 жастан асқан және ілеспе аурулары бар. Олардың бірі препараттың екінші дозасын енгізген соң 62 күннен кейін жүрек ұстамасынан аман қалған. Ал үш күн өткен соң қайтыс болды. Екінші реципиенттің өліміне артириосклероз себебі болған. Оған вакцинаның бір дозасы егілген.
Вакцинаның орнына плацебо алған адамдар тобында пациенттердің бірі миокард инфарктісінен, екіншісі геморрагиялық инсульттан қайтыс болған, тағы екеуінің өлімінің себебі әлі анықталған жоқ.
«Барлық жағдайда – осы жас санатындағы тұрғындар арасында бірдей жиілікте болатын оқиғалар», – делінген құжат мәтінінде.
Жалпы, клиникалық зерттеулер туралы мәліметтерге сүйене отырып, FDA Pfizer вакцинасын қауіпті деп тануға ешқандай себеп таппаған. Препарат әлемнің түрлі елдеріндегі қоймаларға жеткізілуде. Үстіміздегі жылдың 8 желтоқсанында Солтүстік Ирландияның 90 жастағы тұрғыны Маргарет Кинан екпе алды. Ол клиникалық зерттеулер аяқталғаннан кейін COVID-19 қарсы вакцинацияланған әлемдегі алғашқы адам атанды.
Айта кетейік, Pfizer вакцинасын Қазақстанға жеткізу туралы хабарланған жоқ. Қазақстандықтарды ресейлік «Спутник V» препаратымен коронавирусқа қарсы жаппай егу жоспарланып отыр.