Жаңалықтар

Манипуляция: «Вакциналарда сынап бар»

Қазнет пайдаланушылары барлық вакцинаның құрамында сынап бар деген жалған хабарламамен бөлісуде. Вакцинациялауға қарсы науқанды жақтаушылардың айтуынша, металл бөлшектері балалардың денсаулығына теріс әсер етеді және аутизмнің дамуына ықпал етеді. Бұл манипуляция.
Вакциналарда таза сынап емес, тиомерсал болады. Бұл құрамында этилсынап болатын қосылыс және көп дозалы бөтелкелерде жеткізілетін белсенді емес (құрамында вирус бар) вакциналарда бактериялар мен саңырауқұлақтардың көбеюіне жол бермеу үшін қолданылады.
Тиомерсал вакциналардың бәрінде болмайды. Бұл көкжөтел, дифтерия және сіреспеге (АКДС) қарсы препараттарда, В гепатитіне, гемофильді b инфекциясына (Hib вакцинасы), құтыру, тұмау және менингококк инфекцияларына қарсы қарсы вакциналарда бар. Бұл жағдайда заттың концентрациясы өте аз – бір дозада 8-ден 50 мкг-ға дейін. Кейбір вакциналардың дозасында 0,5 мкг аз мөлшерде тиомерсалдың іздері ғана болады.
ДДСҰ бағалауы бойынша, тиомерсалдың мұндай дозалары зиянсыз.
– 10 жылдан астам уақыт бойы ДДСҰ тиомерсалды вакциналарға арналған консервант ретінде пайдалану туралы ғылыми зерттеулердің нәтижелерін мұқият зерттеп, тәуелсіз сарапшылар тобын – вакциналардың қауіпсіздігі жөніндегі жаһандық консультативтік комитетін тартты. Комитет мүшелері вакциналардағы тиомерсалдың мөлшері адам денсаулығына қауіп төндіретінін көрсететін мәліметтердің жоқтығы туралы дәйекті қорытындыға келді, – делінген ұйымның ресми сайтында.
Қазір АҚШ пен басқа дамыған елдерде құрамында тиомерсал бар вакциналар қолданылады. 2010-2011 жылдардағы тұмау маусымында америкалық азаматтарды вакцинациялау үшін көп дозалы бөтелкелерде тиомерсал бар вакцинаның 90 миллионнан астам дозасы қолданылды.
Тиомерсал 1930 жылдардан бастап қолданылып келеді. Ол иммуноглобулин препараттарында, антигендерге арналған тері тесттерінде, уға қарсы дәрілерде, офтальмологиялық және мұрын препараттарында, сондай-ақ татуировка сиясында болады.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button