Фейк: «Вакциналар қанды ластайды»
Танымал Telegram-арнада зейнеткерлікке шыққан медбикенің мәлімдемесі бар, ол күндерін қан тазартумен өткізетінін айтады. Вакцинациядан кейін көктамыр қаны күңгірт түске боялады, онда ақ көбік түйіршіктері мен шөгінділер пайда болады екен. Бұл жалған.
Түс - артериялық және көктамыр қанын ажырататын жалғыз физикалық маркер. Артериялық қанда оттегін көп алатын гемоглобин бар, сондықтан оның түсі ашық қызыл болады. Ал көктамыр қанында гемоглобин оттегін көп жоғалтқандықтан, ол қою қызыл түсті болады. Сондай-ақ түстің өзгеруіне адам денсаулығы да әсер етеді.
Жарияланымдағы суретте көрсетілген науқаста қанның қабынуы болуы мүмкін. Немесе дәрігерлер мұны «майлы» қан деп атайды. Бұл қан сарысуындағы майдың артық мөлшеріне байланысты болады. Дәлірек айтқанда, бұл қан зертханалық диагностиканы жүргізуге дайындалған кезде анықталады. Үлгіні түтікпен центрифугаға салады, сарысу бұлдыр, қалың болады және құрамында ақшыл кесектер пайда болады. Бұл қанда триглицеридтер мен холестерин мөлшері артық екенін білдіреді. Мұндай қан құюға жарамайды.
Ғылыми зерттеулердің ешқайсысында вакцинацияланғандардың қанында ақ көбік түйіршіктері мен шөгінділер пайда болғаны туралы ақпарат жоқ. Құрамында мРНҚ жоқ вакциналармен егілген кейбір адамдарда тромбтар анықталды. Атап айтқанда, AstraZeneca және Johnson & Johnson препараттарын салдырғандарда. Health Desk қоғамдық денсаулық сақтау сарапшылары вакцинациядан кейін 2-3 апта ішінде 60 жасқа дейінгі әйелдерде тромбтардың пайда болғанын атап өтті.
Айта кетейік, постта медбикенің біліктілігі, қайда және қанша уақыт жұмыс істегені туралы мәлімет жоқ. Олай болса, оның өз саласында қаншалықты кәсіби маман екендігі белгісіз. Сондай-ақ, қанын тазартып жатқандардың қандай вакциналар алғаны туралы сөз жоқ. Қанның неден тазартылатыны да белгісіз.
Көктамыр қаны априори күңгірт түсті және бұл вакцинацияға байланысты емес. Демек, жарияланымда бірде-бір сенімді факті жоқ, сондықтан оған сенбеген жөн.