Жаңалықтар

Фейк: «Қазақстандық студент соқырлықтың емін ойлап тапты»

Желіде қазақстандық студент Павел Мельниктің соқырлықты емдейтін дәрі ойлап тапқаны туралы хабарлама таралып жатыр. Онда бұл жаңалығы туралы «2019 жылдың көктемінде дәрігер-офтальмологтардың Еуропалық конгресінде» айтқанын және оның сөзінен кейін «бүкіл зал орнынан тұрып 10 минут бойы қошеметтеген» делінген. Шын мәнінде, Павел Мельник деген вундеркинд студент жоқ, ал хабарлама – ескі фейктің өзгертілген нұсқасы.

Желі пайдаланушылары Павел соқырлықты, инсульт пен инфарктты емдейтін дәрі ойлап тапқан деп жазады. Оның үстіне, соңғы жаңалығымен де ол 2019 жылдың көктемінде офтальмологтардың емес, кардиологтардың Еуропалық конгресінде «бөліскен» екен. Бұл конгресте де қатысушылар студентке қошемет көрсеткен. Көп жағдайда Павел ресейлік студент деп көрсетіледі, бірақ кейде ол «азаматтығын өзгертіп», қазақстандық болып шығады.
Хабарламаның «қазақстандық» нұсқасында студент жобасының негізіндегі препарат Гельмцгольц атындағы Павлодар көз аурулары ғылыми-зерттеу институтында жасағандығы айтылған. Павлодарда мұндай мекеме жоқ, шын мәнінде, бұл институт Мәскеуде орналасқан.
Жалпы, жас жігіттің өнертабыстары туралы мәтіндер мен сұхбаттар сөзбе-сөз қайталанады.

«Жаңалықтардың» соңғы абзацтарында ғана айырмашылықтар бар. Онда қызығушылық танытқан оқырмандарға керемет дәрі-дәрмектің «соңғы партиясын» сатып алу ұсынылады. Барлық жағдайларда бұл препараттар тек «ОКО-плюс» тамшылары, «Оптивин», Normio және т.б. сияқты биологиялық белсенді қоспалар болып шығады. ББҚ – дәрі-дәрмек емес және бірде-бір ауруды емдемейді. Дәрігердің кеңесімен оларды витаминдер ретінде қабылдауға болады.
Айта кетейік, көру қабілетінің толық немесе ішінара жоғалуының себептері әртүрлі болатындықтан «соқырлықты емдейтін» әмбебап дәрі ойлап табу мүмкін емес. Кейбір жағдайларда оны хирургиялық жолмен түзетуге болады, дегенмен, қазіргі заманғы медицина, өкінішке орай, бірқатар офтальмологиялық патологияларды емдей алмайды. 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button