Жалған сайт – алаяқтар танымал қазақстандық хабарландырулар ресурсының көшірмесін жасаған
OLX.kz сайтының көшірмесі азаматтардың жеке мәліметтерін, банктік шоттар мен карталардың деректемелерін жинаған, деп хабарлайды KZ-CERT Компьютерлік инциденттерге әрекет ету қызметі. Қаскүнемдер ірі онлайн-сервисті көшіріп, оны ресми ресурста болмаған жеткізу мүмкіндігімен төлем жасау функциясымен толықтырған.
«KZ-CERT Компьютерлік инциденттерге әрекет ету қызметінің мекенжайына «Ақпараттық қауіпсіздік» Telegram чаты арқылы OLX.kz онлайн-хабарландырулар алаңына ұқсас күмәнді интернет-ресурстың жұмыс істеп жатқаны туралы өтініш келіп түсті», – делінген қызметтің хабарламасында.
Сайтты талдай келе сарапшылар сілтеме арқылы өту кезінде жеке деректерді жинау нысандары, банктік шоттар мен карталардың деректемелері көрсетілетінін анықтады.
Интернет-ресурс «Интернеттегі Фишинг» ретінде тіркелді.
«Еш күдік тудырмай адамдардың сеніміне кіру үшін алаяқтар танымал онлайн-сайттардағы өзгерістерді мұқият қадағалап, жаңа үрдіске сай әрекет етеді. Осылайша, олар биыл наурыз айының соңында ребрендинг жасаған Қазақстанның ең ірі онлайн-хабарландыру сервисі OLX.kz-тің дәл көшірмесін әзірлеп, оны ресми ресурста болмаған жеткізу мүмкіндігі бар төлем жасау функциясымен толықтырған», – деп хабарлайды KZ-CERT.
KZ-CERT қызметі осы оқиғаға қатысы бар хостинг-провайдерлерді хабардар етті. Қазір жалған сайт жұмысын тоқтатты.