Фейк: «Moderna Sars-CoV-2 вирусын зертханада жасап шығарды»
Вакцинациядан бас тартуды және covid-диссиденттілікті насихаттайтын қазақстандық Telegram-арналардың бірінің қатысушылары SARS-CoV-2 вирусын Moderna компаниясы өз зертханаларында жасағанын, ал COVID-19-ға қарсы вакцина пандемия басталғанға дейін әзірленгенін дәлелдейтін «құпия құжаттар» табылғаны туралы жазды. Бұл өтірік.
Бұл пост Желінің ағылшын тіліді сегментінде әр түрлі уақытта таралған екі фейктен тұрады. Оларды хронологиялық ретпен талдап шығайық.
Moderna компаниясы COVID-19 қарсы вакцинаны әлемде бұл ауру жайлы әлі ешкім білмегенде әзірлегені туралы ақпарат 2021 жылы шықты. Ол Желіде табылған Чапел Хиллдегі Ұлттық аллергия және жұқпалы аурулар институты (NIAID), Солтүстік Каролина Университеті (UNC) және Moderna арасындағы келісім-шартпен «расталды». Шарттың мәні мРНҚ вакциналарын зерттеу және әзірлеу болды. Құжат 2019 жылы шыққан.
Келісімшарт түпнұсқа болғанына қарамастан, оның COVID-19 пандемиясына ешқандай қатысы жоқ.
Солтүстік Каролина Университетінің хабарлауынша, «құжаттар Чапел-Хиллдегі Солтүстік Каролина Университетінің MERS-тен қорғауға арналған мРНҚ вакцинасын жасау жөніндегі жұмысына қатысты».
MERS-CoV вирусы коронавирус тобына жатады. 2012 жылы ол таяу шығыс респираторлық синдромының өршуіне себеп болды. Бұл ауруға қарсы әртүрлі технологияларды қолдана отырып, бірден бірнеше вакцина жасалды. Олардың арасында ДНҚ платформасы, мРНҚ, вирустық векторлар, белсенді емес вирустар және т.б. негізінде дайындалған препараттар бар.
Сондықтан 2019 жылы Moderna және басқа да фармацевтикалық алыптар коронавирусқа қарсы препараттарды әзірлеумен айналысқаны әдеттен тыс және таңқаларлық жайт емес. Оның үстіне, бұл SARS-CoV-2 вирусына қарсы вакцина патоген анықталғанға дейін жасала бастағанын дәлелдемейді.
Фейктің екінші бөлігі – Moderna дертке қарсы вакцина жасап, миллиондаған ақша табу үшін SARS-CoV-2 вирусын зертханада жасағаны туралы мәлімдеме.
Бұл ақпараттың дереккөзі – қастандық идеялары мен фейк тарататын The Exposé порталы. Онда жарияланған мақалада жақында жүргізілген ғылыми зерттеу SARS-CoV-2 коронавирус геномының Moderna патенттеген синтетикалық геномның бір бөлігімен сәйкес екендігін дәлелдегені туралы жазылған.
Бұл жерде биыл 21 ақпанда жарияланған «MSH3 гомологиясы мен ықтимал рекомбинацияның фуриннің SARS-CoV-2 бөліну сайтымен байланысы» зерттеуі туралы айтылып отыр. Оның авторлары – әлем бойынша мекемелерде жұмыс істейтін жеті ғалым, соның ішінде Орегон университеті, Италиядағы Падуа университеті, Мичиган Университеті және Оңтүстік Флорида университеті, сондай-ақ қатерлі ісікке қарсы препараттарды әзірлеумен айналысатын швейцариялық Pan Therapeutics компаниясы бар.
Мәтінде BLAST онлайн-дерекқорынан іздеу кезінде олар COVID-19 спайк ақуызында кездесетін 12 нуклеотидтер тізбегі мен Moderna патенттеген синтетикалық ақуыздардағы бірдей тізбектің толық ұқсастығын анықтағаны айтылатыны рас.
Алайда, зерттеу авторлары табылған ұқсастық кездейсоқтық болуы мүмкін және ештеңенің дәлелі емес екенін атап өтті.
HealthFeedback порталының мамандары 12 нуклеотидтің нақты тізбегі «басқа тіршілік иелерінде де кездеседі, бұл оның табиғатта пайда болуы мүмкін екенін көрсетеді» деп мәлімдеді.
Онколог және Science.Medicine веб-сайтының бас редакторы Дэвид Горски PilitiFact порталының фактчекерлеріне 12-нуклеотидтер тізбегі үлкен емес екенін, сондықтан BLAST жүйесінде сәйкестіктерді анықтау ықтималдығы жоғары екенін хабарлады.
– Бұл қызық сәйкестік, бірақ бір нәрсенің дәлелі бола алатындай таңқаларлық жайт емес, әсіресе, Moderna қандай да бір жолмен COVID-19 болатынын болжап, геномдық тізбекті патенттегенін»,-деді ол.
2020 жылы Nature журналында ғалымдар SARS-CoV-2 коронавирусының табиғи жолмен пайда болғанына неге сенетіндері туралы егжей-тегжейлі мақала жарияланды.
Бұған дейін біз патоген компьютерде модельденген немесе зертханада жасалған деген фейктерді жоққа шығарған болатынбыз.
Фейк: «SARS-CoV-2 вирусы компьютерде модельденген, ол табиғатта болған емес»
Демек, Moderna компаниясы SARS-CoV-2 вирусын өз бетінше ойлап тапты, содан кейін көп табыс табу үшін оған қарсы вакцина жасап шығарды деген пікір жалған.