SARS-coV-2 вирусы жоқ екендігі расталды – фейк
Қазнетте COVID-19 тудыратын SARS-coV-2 вирусы ешқашан анықталмаған деген ақпарат таратылуда. Бұл ретте қазақстандық пайдаланушылар АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы жариялаған ресми құжатқа сілтеме жасайды. Алайда, олар оны басқаша түсіндіреді.
Биылғы жылдың қазан айының соңында желінің ағылшын тілді сегментінде «Жердегі ең маңызды видео дәл қазір» деп аталатын «әшкерелейтін» видео тарады. Қазір онымен Қазақстанда да бөлісіп жатыр. Бірақ пайдаланушы дереккөзді жойған.
Видеода АБО жариялаған құжат туралы айтқан және контекстен алынған бір абзац келтірілген: «Қазіргі уақытта 2019-nCoV вирусының сандық изоляттары болмағандықтан, 2019-NCOV РНҚ-ны анықтауға арналған талдаулар in vitro-да транскрипцияланған толық өлшемді РНҚ-ның сипатталған қорларын қолдана отырып сыналды». Видео авторының пікірінше, бұл үзінді 2019-ncov вирусының ешқашан анықталмағанын дәлелдейді.
Бұл ретте құжатта вирусты анықтауға арналған ПТР тестілеу туралы айтылған. Құжаттың түпнұсқа мәтіні осы жылдың ақпан айында жазылған, оны 50-бетінде жарияланған түзетулер тарихы мен мақалада Sars-coV-2 вирусы 2019-nCoV деп аталғаннан байқауға болады (оны 2020 жылдың 11 ақпанына дейін осылай атап келген).
Ол кезде АҚШ-та тестілеу үшін оқшауланған материал жеткіліксіз болды, өйткені елде инфекцияны жұқтырудың алғашқы жағдайы 2020 жылдың 20 қаңтарында ғана тіркелді. Осыған байланысты зертханалар вирусқа ұқсас жасанды материалмен жұмыс істеуге мәжбүр болды.
Sars-coV-2 вирусының геномы толығымен ашылып, осы жылдың 26 қаңтарында еуропалық ауруларды бақылау және алдын алу орталығының сайтында жарияланды. РНҚ вирусы Уханьдағы пневмониямен ауырған науқастардан алынған нуклеин қышқылының үлгілерінен табылды.
Осылайша, ауруларды бақылау орталығы ресми түрде Sars-coV-2 жоқ деп мәлімдеді деген тұжырымдама – ресми құжатты түсінбегеннен және дұрыс түсіндірмеуден туындаған фейк.
Бұған дейін осындай миф жоққа шығарылған болатын. Ол кезде кейбір пайдаланушылар COVID-19 тудыратын вирустың геномы әлі ашылмағандықтан ПТР тестілердің пайдасы жоқ деп мәлімдеген еді.