Fake News

Фейк: «ДЭФ үкіметтерден қолма-қол ақшаны шұғыл түрде жоюды талап етуде»

Әлеуметтік желілерде Дүниежүзілік экономикалық форум барлық елдердің үкіметтерінен қолма-қол ақшаны шұғыл түрде алып тастауды және орталық банктердің цифрлық валюталарға (CBDC) көшуді талап етуде деп жазылуда. Бұл форумға әлемдегі қаржы жүйесін толық бақылауға мүмкіндік береді екен. Бұл жалған.

Алдымен орталық банктің цифрлық валютасы немесе CBDC дегеніміз не екенін түсіндіріп өтейік. Қысқаша айтқанда, бұл белгілі бір елдің Ұлттық банкі шығаратын және қолма-қол валютамен қатар қолданылатын елдегі ресми төлем құралы ретінде танылатын цифрлық ақша.

CBDC енгізу жөніндегі пилоттық жобалар Қытай, Үндістан, АҚШ, Австралия және басқа елдерде іске қосылды. Қазақстан да осы тізімде бар. Цифрлық теңгені 2025 жылға қарай іске қосу жоспарлануда.

Дүниежүзілік экономикалық форум әртүрлі елдердің үкіметтерінен CBDC енгізу процесін жеделдетуді және қолма-қол төлемдерден бас тартуды талап етті деген ақпарат 2023 жылдың 29 маусымында жарияланған «Орталық банктің цифрлық валютасының функционалдық үйлесімділігінің жаһандық принциптері» атты баяндамадан кейін шыққан. Алайда, мұндай қауесеттерді тарататындар есептін өзін оқымағаны анық. Ол қолма-қол ақшадан бас тартуға шақырмайды, керісінше, онда қаржылық инклюзия және офлайн төлемдердің қол жетімділігі, яғни қолма-қол ақшаны цифрлық ақшамен төлей алмайтын немесе төлегісі келмейтіндер үшін пайдалану мүмкіндігін сақтау туралы жазылған. 

ДЭФ мамандары осы идеяны 2023 жылдың қаңтарында өздерінің ресми сайтында жариялаған. Олар цифрлық валютаға бірден, еш ойланбастан ауысу интернетке және цифрлық құрылғыларға қол жеткізе алатындар мен осындай мүмкіндіктен айырылғандар арасындағы әлеуметтік алшақтықты арттыруы мүмкін екенін айтқан.  

Бұдан басқа, аталған мақалада да, жақында жарияланған баяндамада да ДЭФ өкілдері орталық банктердің цифрлық валютасымен жасалатын төлемдердің қауіпсіздігі мен құпиялылығына кепілдік беру қажеттігін атап көрсетеді. Бұл Желі пайдаланушыларының CBDC-ге көшу ДЭФ-ке әлемдік қаржы жүйесінде толық бақылау жүргізуге мүмкіндік береді деген тезисін жоққа шығарады.

Сондай-ақ ДЭФ елдердің үкіметтерінен ештеңе талап етуге өкілеттігі жоқ екенін атап өткен жөн. Форум саясаткерлерді, кәсіпкерлерді, сондай-ақ мәдени және қоғам қайраткерлерін аймақтық және жаһандық мәселелерді шешуге бағытталған бірлескен жұмысқа шақырып, шабыттандыра алады.

Қорыта айтқанда, таралған ақпарат жалған. Дүниежүзілік экономикалық форум қолма-қол ақшаны шұғыл түрде алып тастауды және цифрлық валютаға көшуді талап етпеген.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button