Фейк: «Дәрігер вакцинацияланған адамдар арасында қатерлі ісік ауруының өсуі туралы айтты»
Танымал Telegram арналарының қатысушылары америкалық дәрігер Райан Коулдың COVID-19-ға қарсы вакцинацияланған адамдардың арасында қатерлі ісік ауруының, оның ішінде кейбір агрессивті қатерлі ісік түрлерінің күрт өсуі туралы пікірлерімен бөлісуде. Бұған сенудің қажеті жоқ. Неге екенін түсіндіріп өтейік.
Алдымен, доктор Райан Коулдың кім екенін және оның қалай танымал болғанын айтайық. COVID-19 пандемиясы басталғалы ол ауруға қарсы вакциналар аутоиммундық ауруларды, қатерлі ісік ауруын және басқа да емделмейтін ауруларды тудыруы мүмкін деген негізсіз және ғылымға қарсы бірқатар мәлімдемелер жасады. Ол өзін пациенттер ешқашан шағым айтпаған өте тәжірибелі дәрігер ретінде таныстырады.
Алайда, доктор Коул қатерлі ісік диагнозын қойған, бірақ дерт анықталмаған кем дегенде екі жағдай көпшілікке мәлім. Бұл жағдайлардың бірінде әйел ісікті алып тастау үшін ота жасатқан, бірақ хирургтар оны анықтамаған. Алайда, сол кезде дәрігерлер әйелдің барлық репродуктивті органдарын алып тастаған еді.
Бұл доктор Коулдың біліктілігіне және оның қатерлі ісік ауруының күрт өсуі туралы сөздеріне күмән келтіреді. Оның статистикасы өзі дұрыс қоймаған диагноздарға негізделген болар.
Сонымен қатар ресми статистикада онкологиялық аурулардың күрт өсуі тіркелмеген. Оның үстіне, әлемде жыл сайын расталған қатерлі ісік ауруының саны артып келе жатқанына қарамастан, өлім статистикасы айтарлықтай төмендеуде.
COVID-19-ға қарсы вакциналардың да тіркелген онкологиялық аурулардың статистикасына еш қатысы жоқ. Бұл туралы Reuters және USA Today бірнеше рет жазды. Вакцина компоненттері обыр жасушаларының өсуіне себеп болады деп айтуға негіз жоқ.
Райан Коулдың қатерлі ісік ауруымен ауыратын және вакцина алған науқастар өздерінің жағдайының күрт нашарлағанын сезінеді деген мәлімдемесі де қолда бар ғылыми мәліметтерге қайшы келеді. АҚШ-тағы қатерлі ісікке қарсы ұлттық кешенді желі онкологиялық науқастарға COVID-19 жұқтыруға байланысты асқынулардың алдын алу үшін екпе салдыруды ұсынады. Бұл ретте вакцинаны алмас бұрын емдейтін дәрігермен кеңесу қажет, ол нақты пациенттің ауру тарихын негізге ала отырып, неғұрлым қолайлы вакцинаны таңдайды.
Демек, дәрігер Райан Коулдың тараған сөзі жалған. Әлемде қатерлі ісік статистикасы күрт өскен жоқ. COVID-19-ға қарсы вакциналар обыр жасушаларының көбеюіне және қатерлі ісікке шалдыққан адамдар санының артуына ықпал етпейді.