Fake News

Фейк: «Мұхтар Жәкішев «Қазатомөнеркәсіп» жаңа инвестициялық платформасының іске қосылғаны туралы хабарлады

Facebook-те танымал қазақстандық кәсіпкер Мұхтар Жәкішев «Қазатомөнеркәсіп» жаңа инвестициялық платформасын таныстырып отырған видео таралды. Күн сайын 150-200 мың ақша табу үшін күніне 50 мың теңгеден салып, 15 минуттай ғана уақыт жұмсау керек. Тіркелу тегін, бірақ ақпарат жарияланғаннан кейін үш күн ішінде ғана. Содан кейін платформаға кіру ақылы болады – 200 мың теңгеден басталады. Ақша табуға мамандар тобы мен жасанды интеллект көмектеседі екен. Мұның бәрі алаяқтардың ісі.

Жарнамалық ролик Мұхтар Жәкішевтің 2022 жылғы 5 мамырда Forbes Kazakhstan қаржы-экономикалық басылымына берген сұхбатына негізделген. Көпшілік түпнұсқа видеоны журналдың ресми YouTube арнасынан көре алады. «Қазатомөнеркәсіптің» бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев журналист Батырхан Тоғайбаевқа оны қайтадан бизнеспен айналысуға не итермелегенін және неге саясатқа оралар ойы жоқ екенін айтқан.

Бастапқы әңгімеде инвестициялық платформа туралы айтылмайды. Алаяқтар сұхбаттың бір бөлігін кесіп алып, оны жалған дауыспен дыбыстаған. Сондықтан жарнамадағы сілтеме бойынша өтіп, күдікті сайтқа тіркелу қауіпті.

Мұхтар Жәкішев өзінің Instagram-дағы ресми парақшасында да жазылушыларын өз атынан таратылатын көптеген фейктерден сақтандырады.

«Құрметті достар, жақында менің атымнан акцияларға ақша салуға үндейтін, әртүрлі қызметтер көрсететінім, діни тақырыпта пікір таластырғаным туралы көптеген хабарламалар тарады. Бұл хабарламалардың барлығы жалған. Алаяқтар мен фальсификаторлардың құрбаны болмаңыздар», – деді Жәкішев жазылушыларына.

Жарнамаланып отырған схема шындыққа сай болатындай тым көп ұсынады – бұл алдаудың белгісі. Сақ болыңыздар және бейтаныс платформаларға ақша аудармаңыздар.

Бұл белгілі тұлғалардың атынан таралып отырған «Қазатомөнеркәсіп» инвестициялық платформасының алғашқы жалған жарнамасы емес. Бұған дейін біз қазақстандық саясаттанушы Санжар Боқаевтың атынан осындай жалған хабарлама таралғаны туралы жазған болатынбыз.

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button