Fake News

Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде эксперименттік вакциналар сарбаздарға егілген – фейк

Әлеуметтік желілерде Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Рокфеллер институты сарбаздарға бактериалды менингитке қарсы тәжірибелік вакцина егіп, сынақтан өткізді деген пайымдаулар кезедседі. Сынақтар суық тию ауруларының өршуіне, құсу мен диареяның туындауына әкелген. Автор мұны испан тұмауының пандемиясымен де байланыстырады. Бірақ бұл ақпарат шындыққа жанаспайды.

Таратылып жатқан хабарлама мәтінінде тәжірибелік вакцинацияны Microsoft негізін қалаған Билл Гейтстің атасы Фредерик Л. Гейтс басқарған делінген. Сондай-ақ, автордың сөзінше, «вакцинациялаудан» кейін құсу, диарея және суық тию сияқты шағымдармен күніне 100 адам ауруханаға түсе бастаған, кейіннен сарбаздар «бактериялық пневмонияға шалдыққан».

Шын мәнінде, 1918 жылы менингитке қарсы вакцинациялау жүргізілмеген. Менингококк А/С серотоптарына қарсы алғашқы полисахаридтік вакцина тек 1969 жылы ғана әзірленген.

Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Рокфеллер институтының мамандары, соның ішінде Фредерик Л.Гейтс ауруханаларға менингококк пен дизентерияға қарсы дәрі-дәрмектер жеткізген. Ол кездері Институт өте үлкен аурухананы қамтамасыз еткен, бірақ ол күн сайын жүз науқасты қабылдай алмаған. Онда бір уақытта көп дегенде 363 науқас жатқан. Сондай-ақ, Рокфеллер қоры гуманитарлық көмек жеткізуге демеушілік еткен, соғыс салдарынан жетім қалғандарға көмектескен және жүйке жүйесі бұзылған сарбаздарды зерттеген.

Қандай да бір вакцина немесе медициналық препарат сарбаздарда бактериялық пневмония болуына себеп болуы мүмкін деген ақпарат та дұрыс емес.

Бактериялық пневмония Streptococcus pneumoniae (30-50% жағдайда), Haemophilus influenzae (10-20% жағдайда), Chlamidophila pneumoniae, Mycoplasma pneumoniae атипті патогендері, Legionella pneumophila (8-25% жағдайда) бактериялары ағзаға түскен кезде болады. (3-5% жағдайда) Staphylococcus aureus, Klebsiella pneumoniae (басқа энтеробактериялардан сирек болады), Moraxella catarrhalis (Branhamella catarrhalis) әдеттегі, бірақ сирек кездесетін бактериялар.

Бұл ауа жұту кезінде немесе кеуде қуысын жарақаттау немесе инфекция жұқтыру нәтижесінде орын алуы мүмкін. Осылайша, соғыс кезінде бактериялық пневмония менингококк инфекциясына қарсы сарысудыды қолданудан емес, сарбаздардың жарақаттануынан болған дей аламыз.

Сарбаздарды менингит пен испан тұмауынан емдеудің арасында ешқандай байланыс жоқ. 1918 жылдың басында испан тұмауы Қытайда кең тарағаны белгілі, ол кезде Рокфеллер қоры ол жаққа ешқандай дәрі-дәрмек жеткізбеген.

Фредерик Л. Гейтс пен Билл Гейтстің туыстығы туралы теорияға да негіз жоқ. Фредерик Ламонт Гейтс Фредерик Тейлор Гейтстің ұлы болған. Екеуі де Америкада туып-өскен. Фредерик Ламонт 1886 жылы туып, 1933 жылы қайтыс болды.

Билл Гейтстің әкесі Уильям Генри Гейтс 1925 жылы дүниеге келген. Оны әкесі – үлкен Уильям Генри Гейтстің құрметіне атаған. Оның Фредерик Ламонтпен туыстығын растайтын деректер жоқ.

Демек, хабарламада келтірілген барлық фактілер бұрмаланған немесе ойдан шығарылған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button