Алаяқтар балаларды қалай алдайды: ата-аналар нені білуі керек
Соңғы жылдары киберқылмыскерлер балалар арқылы олардың ата-аналарының ақшасына қол жеткізуге тырысуда. ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі түрлі алдау схемалары мен осы қауіптерден қорғау тәсілдері туралы ақпарат ұсынды.
«Күтпеген жеңіс»
Бала электрондық пошта, әлеуметтік желі, SMS немесе мессенджер арқылы ақшалай сыйлық немесе шетелге жолдама ұтқаны туралы хабарлама алады. Сондай-ақ, шетелде тұратын бай туысының мұрагері болғандығы туралы да хат келуі мүмкін. Бұл ретте «ұтысты» алу үшін бала сілтеме бойынша өтіп, тіркелуі керек. Сауалнамада жеке деректерді, оның ішінде төлем картасының нөмірін көрсету талап етіледі. Осылайша, алаяқтар ата-анасының ақшасына қол жеткізе алады.
«Жалған көмек сұрау»
Алаяқтар жалған көмек сұрау үшін әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді пайдаланады. Мысалы, балаңыздың «сыныптасының» немесе «танысының» атынан ересектерге айтпай, емдеуге немесе басқа да қажеттіліктерге ақша аударуды сұрайды. Егер ақша аударылса, оны қайтару мүмкін емес. Сондықтан мұндай жайттар туралы балаға алдын ала ескерткен абзал.
«Ерекше қосымша»
Алаяқтар балаға жылдам баюға немесе кез келген адамның орналасқан жерін бақылауға мүмкіндік беретін қосымшаның жарнамасы бар сілтеме жіберуі мүмкін. Мұндай қосымша бірегей әрі тегін болып табылады. Бала күмәнді бағдарламалық жасақтаманы жүктесе, бұл жеке ақпаратты жинап, телефондағы басқа қосымшаларды басқара алатын шпиондық бағдарлама екенін бірден түсінбеуі де мүмкін.
«Балаңызға бейтаныс адамдарға өздері және жақындары туралы ақпаратты беруге болмайтынын айтыңыз. Балаларыңыз қандай жағдай болмасын барлығын ашық айтуға болатыны және сіздің оған ұрыспайтыныңыз туралы білуі маңызды.
Бала қажетті байланыс нөмірлерін, оның ішінде ата-анасының, басқа туыстарының, көршілерінің, «102» қызметінің, сондай-ақ учаскелік инспектордың жұмыс және ұялы телефондарын білуі қажет», – делінген ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарламасында.