Fake News

Қазақстандық полиция алдаудың көп таралған тәсілдері туралы айтты

Қазақстанда 10 айда 17 мыңнан астам интернет-алаяқтық тіркелген. Ішкі істер министрлігі Polisia.kz сайтында осындай статистиканы жариялады.

 Полицейлер көп тараған алаяқтық схемалар туралы айтты.

«Eң көп тараған тәсіл – сайттарда, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде хабарландыру орналастыру арқылы жасалатын интернет-сауда. Алаяқтар тауар немесе қызмет үшін төмен баға көрсетіп, алдын ала төлем немесе толық төлем сұрайды. Жыл басынан бері осындай 6216 қылмыс тіркелді.

Алаяқтардың құрбаны болмас үшін тексерілген жарнама сайттарын пайдаланыңыз; тауарды алғаннан кейін ғана төлем жасау туралы келісіңіз; тауардың бар екеніне көз жеткізіңіз», – дейді тәртіп сақшылары.

Азаматтар күмәнді брокерлік компаниялар мен инвестициялық жобаларға инвестиция салу арқылы ақшаны тез көбейтудің түрлі схемаларына тап болуда. 1957 қазақстандық тұрғын осындай жүйенің құрбаны болды. Олар өз ақшаларын «жоқ» инвестициялық жобаларға салған.

Алаяқтар ірі компаниялардың, соның ішінде ұлттық компаниялардың, банктердің, криптобиржалардың атынан жалған сайттар құру арқылы азаматтарды қызықтырады. Бұл ретте «менеджерлермен» және «брокерлермен» барлық қарым-қатынас онлайн режимде өтеді. Қаскөйлер үлкен қаржыны тарту үшін дивидендтерді бір рет төлеуді де жүзеге асырады.

Жиі кездесетін тағы бір әдіс – банктер, құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдардың қызметкерлерінің атынан жасалатын телефон қоңыраулары. Қазір шетелден жасалған алаяқтық қоңырауларды байланыс операторлары танып, бұғаттайды. Аталған жүйе іске қосылған сәттен бастап 63 млннан астам қоңырау тоқтатылды.

Алаяқтардың айла-амалдарына түсіп қалмас үшін:

– банктер, брокерлік, инвестициялық компаниялар немесе құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кредиттерді ресімдеу, мүлікті сату және ақшаны қауіпсіз шоттарға аудару туралы «телефон» нұсқауларын ешбір жағдайда орындамаңыз;

– ешкімге өзіңіздің дербес деректеріңізді, банк карталарының CVV-кодтарын, құпиясөздерді бермеңіз;

– бөгде адамдардың өтініші бойынша телефонға қандай да бір мобильді қосымшаларды орнатпаңыз. Олар алаяқтарға сіздің құрылғыңызға кіруге мүмкіндік бере алады;

– тауарлар мен қызметтерді сатып алу кезінде белгісіз және тексерілмеген сайттарға сенбеңіз;

– күмәнді инвестициялық жобаларға ақша салмаңыз;

– қосымшаларды орнату үшін тек App Store және Play Market сияқты ресми көздерді пайдаланыңыз;

– шоттарыңыздағы ақшаның қозғалысын жиі тексеріңіз.

-төлем жасау үшін жіберілген, бейтаныс адамдардан келген, не болмаса қалқымалы терезелерде көрсетілген спам-хабарламалардағы сілтемелер бойынша өтпеңіз;

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button