ҚР ДСМ АПВ қарсы вакцинация бедеулікке әкеледі деген қауесетке қатысты түсініктеме берді
Әлеуметтік желі қолданушылары адам папиллома вирусына қарсы вакцинация бедеулікке әкелуі мүмкін екендігі туралы видеоны талқылауда. Үкімет балаларды зарарсыздандырмақ екен. Бұл жалған.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің баспасөз қызметі бұған қатысты түсініктеме берді.
«АПВ-ға (адам папилломасы вирусына) қарсы вакцинация стерилдеуге және бедеулікке әкелетіні туралы әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде таралып жүрген ақпарат ғылымға қайшы келеді, шындыққа жанаспайды және фейк болып табылады.
ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті бүгінгі күні АПВ инфекциясын жұқтырудың және жатыр мойны обырының дамуының алдын алудың жалғыз әдісі – вакцинация екенін тағы да еске салады.
Жыл сайын Қазақстанда жатыр мойны обырының 1900-ге жуық жаңа жағдайы, күн сайын 5 жаңа жағдай тіркеледі, жыл сайын 600-ден астам әйел, күн сайын 2 әйел осы патологиядан қайтыс болады.
Аурушаңдық деңгейі мен вакцинацияның тиімділігін ескере келе, 135 елде бұл вакцина Ұлттық егу күнтізбесіне енгізілген.
Қазақстанда 11 жастағы қыздарды АПВ-ға қарсы вакцинациялау биыл күзде енгізілмек. АПВ-ға қарсы вакцинациялау кезінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен сертификатталған және тиімділігі мен қауіпсіздігі дәлелденген «Мерк Шарп және Доум» (АҚШ) компаниясы шығарған 4 валентті «Гардасил» вакцинасы қолданылады.
Қазақстанда және басқа елдерде жүргізілген зерттеулердің нәтижелері вакцинаны алмаған әйелдер тобына қарағанда АПВ қарсы вакцинациядан өткен әйелдердің репродуктивті денсаулығы әлдеқайда жақсы екенін көрсетті. Көптеген әлемдік зерттеулерге (Данияда, Канадада, АҚШ-та және т.б.) сәйкес, фертильділіктің бұзылуымен, аналық бездің сарқылу синдромымен немесе басқа репродуктивті бұзылулармен байланыс байқалмаған. Нақты емес ақпаратты тарататын адамдардың іс-әрекеттеріне құқықтық баға беру үшін материалдар құқық қорғау органдарына берілді», — делінген ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің хабарламасында.
Ведомство әлеуметтік желілерді пайдаланушыларды және барлық азаматты өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға, тек ресми көздерден алынған сенімді ақпаратқа ғана сенуге шақырады.