Қазақстан Президенті жалған брокерлерге алданып қалғандардың қаражатын қайтару үшін қор құрды – фейк
Қазнетте инвестициялық және қаржылық алаяқтардың іс-әрекетінен зардап шеккендердің барлығына ақшаны қайтарып беретін Қор жарнамасы тағы да тарады. Бағдарламаны Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев іске қосқан екен. «Мамандар» 72 сағат ішінде алдын ала төлемсіз 500 мың теңгеден қайтаруға дайын. Бұл хабарламаға сенбеген жөн, оны Интернет-қылмыскерлер жасаған.
Жарнамада «Қазақстан халқына» қоры аталған. Бұл мемлекет басшысының тапсырмасымен 2022 жылдың қаңтарында құрылған ұйым. Алайда қор денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қолдау саласындағы проблемаларды шешумен айналысады. Ол алаяқтардан зардап шеккендерге көмектеспейді, оның алдына мұндай міндет қойылмаған.
Алаяқтар Қордың логотипі мен құрылымын қолдана отырып, ұқсас сайт жасаған. Бірақ мұқият қарасақ, порталдың жалған екендігін байқаймыз. Мұны домендік атауынан, мәтіндегі қателерден түсінуге болады. Сонымен қатар, портал тегін Tilda сайт құрастырушысының көмегімен әзірленген. Мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарын жоғары білікті мамандар дайындайды. Олар бұл үшін тегін бағдарламаларды пайдаланбайды. Ресми парақшаларды жасағанда ең алдымен қауіпсіздікке баса назар аударылады, қарапайым сайт құрастырушысы мұны қамтамасыз ете алмайды.
Алаяқтардан зардап шеккен қазақстандықтарға ақшаны қайтаратын жаңа бағдарлама туралы ақпарат ҚР Президентінің ресми порталында жоқ.
Жеке деректеріңізді қалдырмас бұрын барлық ақпаратты мұқият оқып шығыңыз және талдаңыз. Жалған сайттар алдап, ақшаңызды иемдену мақсатында жасалады.
Сіздерді тек ресми хабарламаларға ғана сенуге шақырамыз! Жаңалықтардың шынайылығын біздің порталдың көмегімен тексеруге болады. Күмән келтірген ақпаратты t.me/stopfakechatkz Telegram-арнасына жіберіңіз.