Қазақстан Ұлттық банкі Қос қадамнан тұратын алаяқтық жағдайлары туралы ескертеді
Қазақстан Ұлттық банкі қос қадамнан тұратын алаяқтық жағдайлардың жиілеп кеткенін хабарлады. Алаяқтар басқалар иемденіп кеткен ақшаны қайтару бойынша заңгерлік көмек ұсынып, азаматтарды тағы да алдауға тырысады.
«Бірінші кезеңде қаскөйлер өзін Ұлттық Банктің немесе басқа да мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырып, жалған құжат жібереді. Сөйтіп банктік аударымдарға арналған деректеме ұсынып, азаматтардан барынша ақша өндіріп алуға тырысады.
Алаяқтар қаражатты иемденіп алған соң алаяқтық схеманың келесі кезеңіне көшеді. Бұл жолы өздерін заңгер ретінде таныстырып, аңғал азаматтармен қайта байланыс орнатады. Өзі секілді зардап шеккен басқа да адамдардың атынан ұжымдық талап-арызбен әрекет ететін сыңай танытып, алаяқтар иемденіп кеткен қаражатты қайтаруға заңгерлік көмек ұсынады. Осылайша, қаскөйлер ақшаларды қайтару үшін «заңгерлік қызметке» ақы төлеуді сұрайды.
Ақшалай транзакция орындалған соң алаяқтар байланысқа шығуды тоқтатады», – делінген Ұлттық банктің ресми сайтындағы хабарламада.
Сонымен қатар, Ұлттық банк жеке тұлғалардың шотына қызмет көрсетпейтінін, азаматтардың қаржы құралдарын сақтандырумен айналыспайтынын, сондай-ақ халықпен ақшалай есеп айырысу операцияларын жүргізбейтінін ескертеді.
«Үшінші тұлғалар тарапынан орындалатын алаяқтық әрекеттерге жол бермес үшін Ұлттық Банк «мемлекеттік орган қызметкері, Ұлттық банк қызметкері» болып қоңырау шалған адаммен арадағы байланысты үзіп, қандай да бір талқыдан немесе төлем операцияларын жүргізуден бас тартуға шақырады.
Егер Сіз немесе жақыныңыз алаяқтардың арбауына тап болса, арыз жазу арқылы Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына жүгінуге кеңес береміз», – дейді Ұлттық банк қызметкерлері.
Кеңес алу үшін 1477 қысқа нөмірі бойынша Қазақстан Ұлттық Банкінің байланыс орталығына да хабарласуға болады.