Дәлелсіз: «Америкалық сенатор SARS-CoV-2 зертханада жасалған деп мәлімдеді»
Желіде COVID-19 ауруын тудыратын SARS-CoV-2 вирусының зертханада жасалғаны туралы ақпарат тағы да таралды. Бұл туралы америкалық сенатор ресми түрде мәлімдеген екен. Бұл рас па және оған қандай да бір дәлел бар ма? Талдап көрейік.
АҚШ сенаторы Рэнд Полдың SARS-CoV-2 вирусы зертханада жасалған деп мәлімдегені рас. Бұл туралы ол 2022 жылдың 20 шілдесінде Сенатта тыңдау барысында айтқан. Бұл ретте ол АҚШ президентінің аға медициналық кеңесшісі Энтони Фаучиді «өтірікші» деп атап, оның патогенді әзірлеуге қатысы бар деген. Бұған жауап ретінде тыңдауға қатысқан Энтони Фаучи мұндай айыптаулардың негізсіз екенін және тәуелсіз ғалымдар сараптамасы вирустың табиғи жолмен пайда болғанын растайды деп мәлім етті. 20 шілдеде Сенатта сөз сөйлегендердің толық мәтіні Желіде қол жетімді.
Оған сәйкес, сенатор Пол мен доктор Фаучи арасындағы дау 2014 жылы Ұлттық денсаулық сақтау институты жарқанаттардың коронавирусты тарату қаупін зерттеуге бөлген грантқа байланысты өрбіген. Жоба 2020 жылдың сәуірінде жабылып қалған. Грант аясында бөлінген қаржының бір бөлігі коронавирустарды зерттеу жұмыстары жүргізілген Ухань вирусология институтына бағытталды.
Ухань вирусология институтының мамандары түсіндіргендей, жарқанаттар тасымалдайтын коронавирустарды зерттеу кездейсоқ басталған жоқ. 2003 және 2012 жылдары аурудың өршуіне себеп болған SARS және MERS коронавирустары да жарқанаттар арқылы таралған.
Сенатор Полдың айтуынша, SARS-CoV-2 Уханьда коронавирустарды зерттеу кезінде бұрыннан бар SARS қоздырғышын күшейту арқылы жасалған.
Алайда, ғалымдардың пікірінше, олай болуы мүмкін емес. Ухань вирусология институтының есебіне сәйкес, SARS-CoV-2 коронавирусының геномы SARS коронавирусының геномына 96% ұқсас. Айова университетінің иммунология және микробиология профессоры Стэнли Перлманның айтуынша, SARS-ты зертханалық жағдайда SARS-CoV-2-ге айналдыру мүмкін емес. Ол вирустар 99,9% ұқсас болса, теориялық тұрғыдан ұқсас модификация мүмкін болатын еді деп мәлімдеді. Ал бұл олай емес, сондықтан қазіргі ғылым әлі де болса патогенді соншалықты өзгерте алмайды.
Басқа тәуелсіз ғалымдар да SARS-CoV-2 вирусы табиғи түрде пайда болды деп санайды. Оны патоген геномындағы мутациялардан байқауға болады. Оларды зертханада жүзеге асыру мүмкін емес.
SARS-CoV-2-нің пайда болуын зерттеген ДДҰ комиссиясы да қоздырғыштың табиғи ортада қалыптасқан деген қорытындыға келді.
Сенатта тыңдау барысында сенатор Пол өз сөзінде ғалымдардың бұл тұжырымдарын жоққа шығаратын дәлелдер келтірген жоқ. Яғни, оның теориясы дәлелденбеген және жеке пікір болып табылады. Сенатор Полдың медициналық білімі жоқ, сондықтан оның вирусология немесе биология мәселелеріне қатысты пікірлеріне сенудің қажеті жоқ.