Fake News

Фейк: «Билл Гейтс 2025 жылға жаһандық індетті жоспарлап отыр»

Қазнетте 2025 жылы пайда болатын жаңа Seers індеті талқылануда. Америкалық миллиардер Билл Гейтс тағы бір жаһандық вирустың ошағын жасамақ екен. Бұл фейк.

Seers вирусы табиғатта жоқ. Оны адамдар ойлап тапқан. Дәлірек айтқанда, Джонс Хопкинс орталығы мен ДДҰ және ерлі-зайыпты Гейтстер қоры. 2022 жылдың қазан айында Брюссельде Grand Challenges жиналысында «Аса қауіпті инфекция» атты тренинг өтті. Оған денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлері мен мемлекеттік қызметкерлер тартылды. Топқа Сенегал, Сингапур, Руанда, Нигерия, Ангола, Үндістан, Либерия және Германия елдерінен 10 жоғары лауазымды шенеунік кірді.

Семинарға қатысушылар COVID-19-дан да жұқпалы болатын ауруға қалай ден қоюға болатынын, аурудың таралуын болдырмау үшін қандай саяси шешімдер қабылдау керектігін талқылады. Мысал ретінде Seers (Severe Epidemic enterovirus respiratory syndrome – ауыр эпидемиялық энтеровирустық респираторлық синдром) деп аталатын ойдан шығарылған пандемия алынды. Тренинг үшін Джонс Хопкинс орталығы Нұсқаулық видео түсірген, онда сценарийдің ойдан шығарылғаны бірнеше рет айтылады. Бұл видео орталықтың YouTube арнасында әлі де бар және баршаға қол жетімді.

Ал конспирологтар оқыту тренингін аса қауіпті аурудың таралуының сценарийі ретінде ұсынған. Бұл туралы алғашқы фейктер 2022 жылдың желтоқсанында шықты. Оларды «Рейтер» жоққа шығарды. Джонс Хопкинс денсаулық қауіпсіздігі орталығының қоғаммен байланыс жөніндегі директоры Кагла Гирай ақпарат агенттігіне «сценарийде сипатталған ойдан шығарылған ошақ болжам емес. Оқу-жаттығудағы қоздырғыш қатысушыларға қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы ауқымды төтенше жағдайлар кезінде болжауға болатын саяси дилеммалардың түрлерімен күресуге көмектесетін оқыту әдісі ретінде ойластырылған».

SEERS – бұл пандемия кезінде әрекет ету үшін адамдар ойлап тапқан шынайы емес вирус. 2025 жылы қандай да бір инфекцияның таралатынына ешқандай дәлел жоқ.

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар

Басқа жаңалықтар

Back to top button