Қазнетте брокерлер иемденген қаражатты қайтарып беремін дейтін алаяқтар көбейді
Facebook және Instagram әлеуметтік желілерінде алаяқ брокерлер иемденген ақшаны қайтарып беретін фишингтік сайттардың жарнамасы көбейді. Апелляция берсеңіз, қаражатты бірнеше күннің ішінде қайтаруға болады екен. Хабарландыруларда ҚР Президентінің тапсырмасымен әзірленген зардап шеккендерге қаражатты қайтару бағдарламасы туралы жазылған. Мұның бәрі фейк.
Мұндай жарнамалардың мақсаты бір – пайдаланушылардың жеке деректерін білу. Қасым-Жомарт Тоқаевтың алаяқтардың құрбаны болған азаматтарға көмек көрсету жөніндегі арнайы бағдарлама әзірлеу туралы тапсырмасы да ойдан шығарылған. Мемлекет басшысының ресми сайтында бұл туралы жаңалықтар жоқ.
Алаяқтар өз сайттарында чарджбэк процедурасын іске қосуды ұсынады. Бұл банк картасы бойынша келіспеген төлемдерді даулау. Яғни, пайдаланушы өзінің жеке деректерін қалдырады. Бірақ бұлай жасауға болмайды.
Былтыр көктемде Ресейде чарджбэк жасауға көмектесуге ниетті фишингтік сайттар көбейді. Алдымен олардың саны 300-ден аспады. Бірақ порталдар сенімді болып көрінгендіктен, пайдаланушылар өз деректерін қалдыра бастады, бірақ мұның салдары барын ойламады. Нәтижесінде алаяқтық ресурстардың саны артты. «Финам» инвестициялық компаниясының бағалауы бойынша шілде айының басында 600 фишингтік сайт болса, тамызда олардың саны мыңнан асты.
Қазіргі уақытта Қазақстанда фейк брокерлермен байланысты қылмыстар жиі тіркеледі. Біз инвестиция салып, ақша табамын деп алаяқтардың айласына түспеу жолдары туралы жазған болатынбыз. Айырылып қалған ақшаңызды қысқа мерзімде қайтаруға уәде беретін жарнамаға сенбеңіздер. Бұл алаяқтардың ісі.