Вакцинацияланбаған балаларға «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша төлем берілмейді
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде вакцинацияланбаған балаларға «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша төлемдер тоқтатылатыны туралы ақпарат тарады. Бұл фейк.
Бұл ақпараттың дереккөзі «Qaznews24 сатиралық жаңалықтар ақпарат агенттігі» Instagram аккаунты болып табылады.
Онда тек шындыққа жанаспайтын ойдан шығарылған жаңалықтар ғана жарияланады. Бұл туралы аккаунттың профилінде жазылған.
Ақпаратта келтірілген ҚР Қаржы министрлігінің Қоғаммен байланыс департаменті директорының дәйексөзін де осы «жаңалықтың» авторы ойдан шығарған, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Демек, вакцинацияланбаған балаларға Ұлттық қордан төлемдер жасалмайтыны туралы таралған хабарламаға сенбеген жөн. Бұл өтірік.
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша жыл сайынғы төлемдер Қазақстан азаматтарының барлық балаларына есептелетін болады. Бұл төлемдерге вакцинация мәртебесінің ешқандай қатысы жоқ.
Есепті жылы барлық балаларға бірдей мөлшерде қаржы аударылады.
Ол үшін ата-аналар немесе баланың заңды өкілдері жеке басын куәландыратын құжатты, оның ішінде ЖСН (егер қандай да бір себептермен болмаса) алуы керек. Сондай-ақ, «электрондық үкімет» веб-порталындағы жеке кабинетте «Балалар туралы мәліметтер» бөлімінде мәліметтердің бар-жоғын тексеру керек.
Естеріңізге сала кетейік, тек ресми ақпаратқа ғана сеніп, күмәнді дереккөздердің хабарламаларын таратпау керек.