Елорданы түтін тұмшалады: қала сыртында қоқыс өртеніп жатыр
«Қазгидромет» РМК әлеуметтік желілерде тараған түтін мен өрттің иісі туралы ақпаратқа түсініктеме берді. Ведомствоның ақпаратына сәйкес, бұл Целиноград ауданындағы қоқыс полигонында шыққан өрттің салдарынан орын алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Нұр-Сұлтан қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, Целиноград ауданында Тайтөбе ауылынан 5 шақырым жерде қоқыс полигоны өртеніп жатыр, тілсіз жау 250 шаршы метр жерді шарпыған. Елордада ауа райының антициклональды типі байқалады, күн жауын-шашынсыз және жел жоқ. Биіктікте атмосферада ластаушы заттардың таралуына жол бермейтін инверсиялық қабат байқалады», – делінген хабарламада.
Бұл ретте 2020 жылғы 28-29 тамыз аралығында елорданың атмосфералық ауасында «Қазгидромет» РМК бақылау бекеттерінің деректері бойынша шекті рұқсат етілген нормадан асу байқалды. 1) № 6 ЛББ (Ақжол к-сі, «Астана Тазалық» сарқынды су тұндырғышының ауданы) сағат 21:20-дан 03:00-ге дейінгі кезеңде өлшенген бөлшектері бойынша РМ-2,5 – 1,7 ШЖШ – ға дейін; сағат 21:20-дан 02:00-ге дейінгі кезеңде өлшенген бөлшектері бойынша РМ-10 – 1,1 ШЖШ-ға дейін; 2) № 7 ЛББ (Түркістан к-сі 2/1) сағат 00:20-03:00 аралығындағы кезеңде күкіртсутегі бойынша – 1,75 ШЖШ-ға дейін; сағат 23:00-ден 02:40-қа дейінгі кезеңде өлшенген бөлшектері бойынша – РМ-2,5 – 2,4 ШЖШ-ға дейін; 3) № 8 ЛББ (Көктал-1, Бабатайұлы к-сі, 24) өлшенген бөлшектері бойынша сағат 00:00-де РМ – 2,5 – 1,1 ШЖШ-ға дейін.
«Қалған заттар бойынша асып кету тіркелген жоқ»,- деді ведомстводағылар.
Жалпы, қала бойынша 10 ШЖШ-дан астам және 50 ШЖШ-дан астам экстремалды жоғары ластану жағдайлары тіркелген жоқ.
Елордада атмосфералық ауаның жай-күйін бақылау 10 бекетте жүргізіледі, оның ішінде 4 қолмен сынама алу бекеті және 6 автоматты бекет. 10 көрсеткіш анықталады: қалқыма бөлшектер (шаң), РМ-2,5 қалқыма бөлшектері, РМ-10 қалқыма бөлшектері, күкірт диоксиді, азот диоксиді, азот оксиді, көміртегі оксиді, күкіртсутек, фторлы сутегі, сульфаттар.