Иіс сезу қабілетін жоғалту коронавирустың симптомы емес, химиялық күйік – фейк
Қазнет қолданушыларының пікірінше, COVID-19 салдарынан дәм мен иіс сезу қабілеті жоғалмайды. Бұл тұжырымның авторларының пайымдауынша, мұндай белгілер тек химиялық күйік нәтижесінде ғана болады. Бұл – жаңсақ пікір.
Дәм мен иіс сезу қабілетін жоғалту – бұл ерекше болмаса да, коронавирустық инфекцияның белгілерінің бірі. ДДСҰ оны диарея, жүрек айну, тамақ ауруы, мұрынның бітелуі және т.б. сияқты «аз кездесетін белгілерге» жатқызады.
Бұдан басқа, иіс сезу қабілетін жоғалту вирустық гепатит, депрессия, мұрын жанындағы қойнаулар инфекциясы, иіс сезу нервтерінің зақымдануы сияқты бірқатар басқа аурулардың белгісі болуы мүмкін. Антибиотиктерді, антидепрессанттарды, қалқанша безді және артритті емдеуге арналған препараттарды, диуретиктерді және басқа да дәрі-дәрмекті қабылдағаннан кейін де дәм айыру сезімі уақытша жоғалып кетуі ықтимал. Сондай-ақ, тұмаумен немесе гайморитпен қатты ауырғаннан кейін де науқастар иіс пен дәм сезуде қиындықтарға тап болады.
Тілді химиялық күйік шалу немесе қайнаған сумен күйдіріп алу да адамның дәм сезу қабілетін нашарлатады. Жарақаттың бұл түрлерін байқамау мүмкін емес – тілді күйдіріп алғанда ауырады және ол тіндер некрозын тудырады, оны көзбен көруге болады.
Демек, COVID-19 дәм мен иіс сезу қабілетінен айыра алмайды деген тұжырым еш негізі жоқ миф болып табылады.