Fake News

Фейк: «Ұлы қайта жүктеу», ID2020 және CommonPass адамзатты бақылау үшін жасалды»

Instagram-да жарияланған видеода әлемдік корпорациялардың билікті басып алуы және адамзатты бақылай бастағаны туралы бірнеше факті келтірілген. Бұған дәлел ретінде ДЭФ-тің «Ұлы қайта жүктеу» атты бастамасы, ID2020 бірыңғай цифрлық сәйкестендіру және CommonPass цифрлық қосымшасы ұсынылған. Әр деректі бөлек талдап шығайық.

 

«Ұлы қайта жүктеу» – бұл ханзада Чарльз бен Дүниежүзілік экономикалық форумға тиесілі 2020 жылғы бастама. Ол COVID-19 пандемиясы кезінде әлемдік державаларда туындаған мәселелерді шешуге арналған. ДЭФ басшысы дағдарыстан туындаған күйзелістер денсаулық сақтау, экономика және қаржы жүйесіндегі көптеген кемшіліктерді көрсетті деп мәлімдеді. «Ұлы қайта жүктеу – бұл адам трагедиясы әрекет етуге түрткі болуы керек екенін мойындау. Біздің әлемге қайта мән беріп, оны қайта құруымыз, қайта жобалауымыз, жандандырып, теңдестіруіміз маңызды», – деді Клаус Шваб. ДЭФ әлемді бақыламайды, ұйым адамдардың өмірі жайлы әрі қауіпсіз болғанын қалайды. «Ұлы қайта жүктеу» конспирологтардың наразылығын тудырды. 2020 жылғы қарашада бағдарлама халықты бақылау үшін жасалған деген фейк хабарлама тарады. 2021 жылғы шілде айында «Қайта жүктеу» бағдарламасы аясында COVID-19 пандемиясын қасақана жасалды деп айтылды. Конспирологтар өздерінің болжамдарына нақты дәлелдер келтірген жоқ.

ID2020 цифрлық сәйкестендіруге қатысты қастандық теориялары бұрыннан бар. 2020 жылдың қыркүйегінде бағдарлама «электронды концлагерь» деп аталды. Шын мәнінде бұл адамға көптеген мүмкіндіктер ашатын электрондық құжат. Бағдарламаны БҰҰ қолдады. Әзірлеушілер құжаттары жоқ адамдарға және әртүрлі елдерден келген босқындарға жүрген елінде білім мен денсаулық сақтау қызметтерін алуға көмектесуді жоспарлап отыр. Электрондық құжатта адамның жұмыс орны, оның білімі туралы ақпарат, сондай-ақ биометриялық мәліметтер – саусақ іздері мен көздің нұрлы қабығы болады. Барлық деректер шифрланған түрде сақталады, ол үшін блокчейн технологиясы пайдаланылады. Бірде-бір ұйым, оның ішінде мемлекеттік ұйым жеке ақпаратқа толық қол жеткізе алмайды. ID2020 иесі ғана деректерді қарауға және өзгертуге рұқсат бере алады.

Видеода аталған CommonPass қосымшасы коронавирустық пандемия кезінде шекаралар жабылып, вакцинациясыз көптеген елдер туристерді қабылдаудан бас тартқанда әзірленген болатын. Электрондық паспорт денсаулық сақтау үшін арнайы жасалды. Оған вакцинация туралы мәліметтер және COVID-19 сынақтарының нәтижелері енгізілді. Қолданбада басқа жеке ақпарат, оның ішінде адам денсаулығы туралы мәліметтер болған жоқ. Барлық деректер пайдаланушының құрылғысында және қызмет көрсетілген медициналық ұйымда ғана сақталды.

Сондай-ақ, роликті жасаушылардың айтуынша, Халықаралық валюта қоры адамның интернетте қандай сайттар мен әлеуметтік желілерге кіретініне қарап, оның несиені төлеу қабілеттілігін бағалайды. Біріншіден, бұл ойдан шығарылған критерий. ХВҚ ешқашан несие төлеу қабілеттілігін сандық ізбен бағалаған емес. Екіншіден, қор қарапайым адамдарға емес, елдерге нақты жобаларға ғана несие береді.

Үндістандағы шаруалардың 2020 жылғы қарашадағы ереуіліне келетін болсақ, толқулар болды.

Олар елдің ауылшаруашылық жүйесін реформалауға арналған заңдардың қабылдануына наразылық ретінде өткізілді. Шаруалардың пікірінше, олар тек ірі корпорациялар үшін ғана тиімді, ал шағын жеке шаруашылықтар үшін зиянды. 2021 жылы заңдар күшін жойды. Сондай-ақ, видеода заңдарды ДЭФ және Билл мен Мелинда Гейтс қоры әзірлеген делінген. Бұл жекемсеншік ұйымдар, яғни, олардың қандай да бір елдің заңнамалық актілеріне ешқандай қатысы жоқ.

Видеода келтірілген барлық ақпарат бұрмаланған және тіпті жалған. ID2020 бағдарламасы, «Ұлы қайта жүктеу», CommonPass адамзатты бақылау үшін емес, адамдарға жайлы өмір сүру жағдайларын жасау үшін жасалған.

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар

Басқа жаңалықтар

Back to top button