Фейк: «COVID-19 қарсы вакцинацияланбаған адамдарда сырқаттанушылық төмен»
Желіде америкалық дәрігердің сөйлеген сөзінен үзінді тарады, онда ол «COVID-19 жұқтыру қаупі мүлдем вакцинацияланбаған адамдарда ең төмен» деп мәлімдейді. Екпе неғұрлым көп болса, соғұрлым қауіп артады екен. Бұл жалған.
Бұл балалар кардиологы Кирк Милхоанның сөзі. Ол 2024 жылдың 12 қаңтарында COVID-19 қарсы вакциналардан туындаған жарақаттар туралы тыңдауда осындай расталмаған мәлімдеме жасады. Милхоан егулердің ағзаға зиян келтіретініне ешқандай дәлел келтірмеді. Ол зерттеу клиникада жүргізіліп, баспасөзде жарияланды деді. Бірақ медициналық мекеменің атын да, БАҚ атауын да атамады.
2021 жылдың тамызында Денсаулық сақтау министрлігіне Кирк Милхоан COVID-19 туралы жалған ақпарат таратты және оны емдеп, алдын алу үшін гидроксихлорохин мен ивермектинді қолданды деген шағым түсті. Бұл екі препарат та коронавирус кезінде тиімділігін дәлелдеген жоқ. Гидроксихлорохинмен безгек, ревматоидты артрит және басқа да ауруларды емдейді. Ал Ивермектин жануарларға арналған. Ол ірі қара малды гельментациялау үшін қолданылады. АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын қадағалау жөніндегі федералды басқармасы халыққа бұл дәрі-дәрмектер COVID-19 кезінде көмектеспейді деп ескертті. Сонымен қатар, гидроксихлорокин жүрек ырғағының бұзылуына әкелуі мүмкін, ал Ивермектин көп мөлшерде адамдар үшін қауіпті болып табылады.
Милхоан дәрігерліктен бөлек пасторлық қызметпен айналысады. Пандемия кезінде ол жаппай іс-шараларға тыйым салынғанына қарамастан адамдарды жинаған. Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының жұмысын сынға алып, келушілерге маска тағудың пайдасы жоқ деп айтқан.
2022 жылдың қыркүйегінде ол вакцинация салдарынан спортшы балаларда миокардит пайда болады деп фактчекерлердің назарына түседі. Дәлел ретінде Кирк Милхоан спортшылардың жүрек қаупі туралы зерттеуді келтірген. Ғылыми жұмыстың бірлескен авторларының бірі Саураб Раджпал оның сөздерін жоққа шығарды. Зерттеуде вакцинация қарастырылмаған, негіз ретінде коронавирустық инфекция жұқтырған спортшылардың жүрегінің МРТ алынды.
Covid-19 қарсы егілмегендерде аурушаңдық ең төмен екендігіне ғылыми дәлел жоқ. Кирк Милхоан жоқ зерттеулерге сүйенеді. Сонымен қатар, ол коронавирус туралы бірнеше рет жалған ақпарат таратқан. Оның мәлімдемелеріне сенбеген жөн.