Фейк: «Өлім-жітім жағдайы 90% жететін жалған вакцина жасалады»
Бір вакцина элитаға, екіншісі адамзаттың 90% өлтіруге арналады. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде осындай мәлімдемесі бар видеолар тарады. Автордың айтуынша, халықтың 90%-ың өлтіретін жалған вакцина жасалады. Мұның бәрі әлемдік үкіметтің қулықтары екен. Бұл өтірік.
Видеода ешқандай ғылыми фактілер келтірілмеген. Экран екі бөлікке бөлінген. Олардың бірінде пайдаланушыға ретсіз өзгеретін суреттер, екіншісінде – ақ халат киген әйел көрсетіледі. Оның киімі бұл маңызды жайт деген ойға итермелейді. «Дәрігер» кадр сыртындағы дауыстың айтқанына сай қимылдап, суреттерді көрсетеді. Диктор нақты егілетін вакцина туралы фантастикалық оқиғаны баяндайды. Алдымен адамдар өздерін жақсы сезінеді, бірақ 180-360 күн өткен соң күніне 100 мыңға дейін адам өле бастайды. Ал тірі қалғандарға жақсы вакцина салынады, өйткені әлемдік элитаға жұмыс күші қажет.
Видеодағы «дәлелдердің» бірі – Германия билігі 2009 жылы сатып алған доңыз тұмауына қарсы VIP вакцина. Бұл жылы Еуропада аса жұқпалы H1N1 вирусы таралған болатын.
Ауру жұқтырудың алғашқы үш жағдайы Германияда сәуір айында анықталды. Қазан айында билік жаппай иммундауды бастау туралы шешім қабылдады. Екі түрлі вакцина қолданылғандықтан халық наразылығын білдіре бастады. Бірінші препарат Celvapan саясаткерлерге, мемлекеттік қызметшілерге және әскери қызметшілерге арнап аз мөлшерде сатып алынды. Кейінірек басқалары үшін Pandemrix вакцинасы сатып алынды. Бұл препараттың құрамында бустерлік зат адъювант болды. Яғни, бір дозаға қажет вирустық материал азырақ болды, ал иммундық жүйенің инъекциясына реакция күшейе түсті. Pandemrix-ты Пауль Эрлих институты мен Еуропалық дәрі-дәрмек агенттігі мақұлдады.
Оң пікірлерге қарамастан, Федералды вакцинация агенттігі адъюванттары бар вакциналарды пайдаланбауға кеңес берді.
Berliner Zeitung Германияның Ішкі істер министрінің өкілінің сөзінен үзінді келтірді. Ол Pandemrix екпесі төменгі тапқа арналған вакцина емес, бұл жай басқа түрі деп айтқан.
Bild газетінің хабарлауынша, канцлер Ангела Меркель мен денсаулық сақтау министрі Улла Шмидт халыққа арналған екпені салдырмақ болған. Шмидттің айтуынша, «бұл вакцина басқа екпелерге ұқсайды, қауіпсіз және тиімді».
Сондай-ақ видеода жаңа пандемия туралы ескерткен Билл Гейтстің дәйексөзі келтірілген. Бұл үзінді Microsoft-тың негізін қалаушының 2023 жылғы мамырдағы Қытайдағы форум отырысында сөйлеген сөзінен алынған. Гейтс жаңа сын-қатерлерге дайын болу үшін тиімді дәрі-дәрмектер мен вакциналарды одан әрі зерттеу және әзірлеу үшін елдер бірігуі керек дейді. Ол жаңа пандемия болатынын болжамайды.
Дәлел ретінде контекстен үзіп алынған дәйексөздер, тіпті жай ғана ойдан шығарылған әңгімелер келтірілген видеоға сенбеген жөн. Екі жүз жылдан астам уақыт бойы вакциналар адам денсаулығын сақтап келеді. Олар өмірге қауіп төндіретін ауруларға қарсы иммунитетті қалыптастыруға көмектеседі. Вакцинацияланған адамдар неғұрлым көп болса, ұжымдық иммунитет соғұрлым күшті болады.