Швецияда локдаун енгізілетіні рас па?
Швеция 2020 жылы көктемде пандемияға байланысты қатаң локдаун енгізбеген Еуроодақтағы жалғыз мемлекет болған. Билік азаматтардың саналылығына және жаппай иммунитеттің қалыптасатынына сенді. Швед моделі бүкіл әлемде пікірталастар тудырды. Сондай-ақ, бұл қатаң карантиндік шаралардың енгізілуіне қарсы адамдардың басты аргументіне айналды. Бірақ осы күндері Швеция билігі Еуропада коронавирус жұқтыру жағдайларының көбеюіне байланысты COVID-19-бен күрес стратегиясының өзгергенін мәлімдеді.
Бұл видеоны бетперде тағып жүруге, ПТР-тесттерге және басқа да эпидемияға қарсы шараларға қарсы адамдар әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде белсенді таратуда. Авторлар Швецияны мысалға келтіреді. Басқа елдерде қатаң карантин енгізілген кезде ел тұрғындары жұмысқа, мейрамханаларға және ойын-сауық орындарына баруды жалғастырған.
Алайда, адамдардың көбі қалағанымен, қазірдің өзінде Швецияның таңдаған жолы аса тиімді болмағанын белгілі. 2020 жылдың маусым айында елдің бас эпидемиологы Андерс Тегнелл коронавируспен күресудің бұл тәсілінің дұрыс еместігін мойындады. Ол радиосұхбат барысында пандемиямен күресте әлдеқайда ауқымды шараларды қабылдау керек еді дейді. Сонда осыншама адамның өлімінің алдын алуға болар еді (4814 ж. – 11 маусым 2020 ж.).
Маусым айының ортасында Еуропалық Одақ пен Шенген аймағында еркін қозғалыс қалпына келтірілген кезде көрші мемлекеттер Швециямен шекараны ашпау туралы шешім қабылдады. Себебі: ел қолданыстағы эпидемиологиялық критерийлерді орындамайды.
Қыркүйек айының басынан бастап Швецияда коронавирус жұқтырудың жаңа жағдайларының саны артты. Өткен аптада Еуропалық аурулардың алдын алу және бақылау орталығының мәліметтері бойынша, күніне миллион адамға орта есеппен 65 жағдай тіркеледі. Салыстырып қарасақ, Данияда, Финляндияда және Норвегияда миллионға шаққанда 71, 40 және 25 жағдайдан келеді.
Статистика Швеция өз стратегиясын қайта қарауға және карантиндік шаралар қабылдауға мәжбүр етті. Локдаун туралы әлі хабарланған жоқ.
Осы дүйсенбіден бастап елдің жекелеген аймақтарында азаматтарға сауда орталықтарына, мұражайларға, кітапханаларға, бассейндерге, спорт залдарына, спорттық ойындар мен концерттерге бармау ұсынылады. Сондай-ақ, аймақтық билік өкілдері қоғамдық көліктерден бас тартуды, қарт адамдарға және басқа да қауіпті топтарға бармауды сұрайды.
«Бұл оқшаулауға ұқсайды, жергілікті оқшаулау сияқты», – деді Упсаледегі жұқпалы аурулар бөлімінің басшысы Йохан Нойд.
«Соңғы екі аптада орын алған жағдай – Норвегияда және басқа да көптеген елдерде қолданылғанға ұқсас модельге көшу», – деді Умео университетінің эпидемиология профессоры, доктор Йоаким Роклов The telegraph газетіне берген сұхбатында.
Соңғы аптада Еуроодақ елдерінде COVID-19-дың 100 мыңнан астам жаңа жағдайы тіркелді. Бүкіл әлем бойынша вирус жұқтырғандардың үштен бірі Еуропада. Чехияда тәулік ішінде COVID-19 жұқтырғандардың рекордтық саны тіркелді – 9,5 мың жағдай расталды, елде қатаң шектеулер енгізілді. Нидерланд та ішінара оқшаулауға оралады.