Фейк: «COVID-19 қарсы вакциналарда 5G арқылы белсендірілетін «ұйқыдағы» Марбург вирусы бар»
Әлеуметтік желілерде қазақстандықтар COVID-19-ға қарсы вакциналарда «ұйқыдағы» Марбург вирусы бар гидрогельді капсулалар бар екендігі туралы роликпен бөлісуде. Роликтегі мәлімет бойынша, оны 5G импульстарының көмегімен белсендіру көзделген, сонда жаңа, әлдеқайда қорқынышты пандемия басталады. Мұның бәрі фейк және конспирология.
COVID-19 қарсы вакциналарда 5G белсендіретін қауіпті вирус бар деген қауесетті вакцинацияға қарсы адамдар 2022 жылдың шілдесінде Ганада Марбург вирустық ауруын жұқтырудың екі жағдайы расталғаннан кейін тарала бастады.
Бұл ауыр геморрагиялық қызба тудыратын және көп жағдайда науқастың өлімімен аяқталатын ауыр вирустық ауру.
Бақытымызға орай, 2022 жылдан кейін Ганада да, басқа жерде де бұл ауруды жұқтырғандар тіркелмеген.
Марбург вирусы COVID-19 қарсы вакциналарда кездеседі деген теория негізсіз. Препараттар көп сатылы тексерулер мен клиникалық сынақтардан өтті, олардың тиімділігі мен қауіпсіздігін әзірлеушілер ғана емес, тәуелсіз ғалымдар да бағалады. Олардың ешқайсысы вакцинация салдарынан адамдарда Марбург ауруы дамиды немесе вакциналардың құрамында осы аурудың қоздырғышы табылды деп мәлімдемеген.
5G желілері арқылы вирусты белсендіру туралы идеялар ғылымға қарсы. Жаңа буындағы байланыс вирустар мен бактерияларға әсер етпейді, сондай-ақ қандай да бір вакцинаға қатысы жоқ.
Сонымен қатар, 2022 жылы Ганада Марбург вирусын жұқтырудың екі жағдайы тіркелгенде онда 5G желілері әлі орнатылмаған еді. Бірақ бұл технология Марбург ауруымен ешкім ауырмаған көптеген басқа елдерде қол жетімді және сәтті жұмыс істейді.
Мұның бәрі COVID-19 қарсы вакциналарда 5G толқындарының көмегімен белсендірілетін қауіпті аурудың қоздырғышы бар деген теорияны жоққа шығарады.